Q Football

Жасанды интеллект «Манчестер Сити» АПЛ-дан шығып қалса, жұлдыздары қай клубтарға кететінін болжады

Жасанды интеллект «Манчестер Сити» АПЛ-дан шығып қалса, жұлдыздары қай клубтарға кететінін болжады
The Sun

Ойыншылар жаппай сатылса, ең көп ұтатын — мадридтік «Реал»: нейрожелі оған бірден сегіз футболшыны «телиді».

«Манчестер Сити» Премьер-лигадағы орнынан айырылып қалуы мүмкін. Тәуелсіз комиссия клубты тоғыз маусым бойы қаржылық ережелерді өрескел бұзғаны жөніндегі барлық тармақ бойынша, сондай-ақ тергеумен ынтымақтасудан бас тартуға қатысты эпизодтардың басым бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. «Қалалықтар» кінәсін мойындамай, апелляция беріп үлгерді.

Апелляция қабылданбаса, командаға айыппұл салынып, ұпайлары шегерілуі, тіпті АПЛ-дан шығарылуы да ықтимал. Төменгі дивизионда клуб көшбасшыларын ұстап қала алуы екіталай. The Sun басылымы жасанды интеллекттен олардың мансабын қай жерде жалғастыруы мүмкін екенін сұрап білді.

Нейрожелінің пайымдауынша, бұл жағдайдан ең көп пайда көретін — «Реал». Оның болжамы бойынша, Мадридке 26 жастағы Эрлинг Холанд аттанады. Норвегиялық шабуылшының есімі Карим Бензема кеткелі оның орнын толтыра алмай жүрген корольдік клубпен бұрыннан бірге аталып келеді. Оны «Барселона» да назарда ұстап отыр. Холандқа 25 жастағы Энцо Фернандес серік болмақ: былтыр жазда мадридтіктер оны алуға тырысқан, бірақ «Сити» олардан бұрын үлгерген. Тізімде Фил Фоден, Райан Шерки, Абдуқодир Хусанов, Витор Рейс пен Йошко Гвардиол да бар, ал Матео Ковачич «Сантьяго Бернабеуге» қайта оралуы мүмкін.

Екінші орында — бес ойыншыны алуы ықтимал «Манчестер Юнайтед». Олардың қатарында клуб бұрын қызығушылық танытқан Джанлуиджи Доннарумма мен Эллиот Андерсон, оң қанаттағы қорғаушы орнына Матеус Нунес, сондай-ақ Манчестер футболының түлектері Нико О'Райли мен Рико Льюис бар.

Жасанды интеллект «Ливерпульге» төрт ойыншыны лайық көрді. Мерсисайдтықтар көптен көз тігіп жүрген Антуан Семеньо мен Марк Гехиді ақыры қатарына қоса алар еді. Гехи 2025 жылы «Энфилдке» ауысуға өте жақын болып, «Кристал Пэлас» жанкүйерлерімен қоштасып та үлгерген, бірақ келісім соңғы сәтте бұзылған. Оларға Райан Айт-Нури мен «Сити» капитаны Рубен Диаш қосылуы мүмкін. Соңғысына Вирджил ван Дейкпен бірге орталық қорғаныста ойнау болжанып отыр.

Қалған футболшыларды нейрожелі бір-бірден бөлді. Жереми Докуды ол «Арсеналға», Пеп Гвардиоланың бұрынғы көмекшісі Микель Артетаның қол астына жіберді. Маркус Беттинелли «Челсиге», ал Илиман Ндиайе өзін өткен жазда сатқан «Эвертонға» қайта оралуы мүмкін. Херонимо Рульи «Реал Сосьедадқа», Аллан «Палмейрасқа» бұйырды. Шерки үшін жасанды интеллект екінші нұсқаны да атады — «Пари Сен-Жермен».