Клубтағы ауыс-түйіс нәтижелердің көңіл көншітпеуінен кейін болды. Нуну баптаған команда өткен маусымда АПЛ-ден түсіп қалды, ал басшылық үшін шешуші сәт алдыңғы турда «Вест Бромвич Альбионнан» 1:3 есебімен жеңілуге байланысты туындады. Қазір «Вест Хэм» Чемпионшип кестесінде 8-орында келеді. Паркердің тізгіндегі алғашқы кездесуі келесі турға жоспарланған: сәрсенбі күні лондондықтар «Кардифф Ситиге» қарсы ойнайды.
Паркердің жаттықтырушылар штабына Стив Поттс, Джерард Прендервиль және Билли Лепин қосылды. Ал клубтың спорт директоры Марк Нобл жаңа мамандар тобымен тығыз жұмыс істемек. «Вест Хэм» таңдауының маңызды себептерінің бірі - Паркердің Чемпионшиптегі айрықша тәжірибесі: ол бұған дейін «Фулхэм», «Борнмут» және «Бернлиді» үш рет екінші дивизионнан элитаға шығарып үлгерген.
Бұл тағайындау Паркер үшін таныс ортаға қайта оралу болды. Ол ойыншы ретінде 2007-2011 жылдары «Вест Хэм» сапында 129 матч өткізіп, капитандық міндет атқарған. Сондай-ақ қатарынан үш рет командадағы жылдың ойыншысы атанып, 2010/11 маусымының қорытындысында Футбол журналистері қауымдастығы нұсқасы бойынша Англияның жылдың үздік футболшысы жүлдесін иеленген.
«Бұл қызметке келіп, мен үшін де, отбасым үшін де айрықша мәні бар клубқа қайта оралғаныма шексіз мақтанамын. Мұндағы төрт жыл - ойыншылық мансабымдағы, бәлкім, ең үздік футбол кезеңі және жанкүйерлермен орнаған ерекше байланыс. Бізді Премьер-лигаға қайта алып шығуға мүмкіндік алғаным - мен үшін зор мәртебе әрі үлкен сенім. Қуатым, ынтам, құлшынысым шегіне жетіп тұр.
Карим Вирани және Даниэл Кретинскиймен алғашқы әңгімелерден-ақ клубты мүмкіндігінше тез элитаға қайтару жөніндегі амбициямыз ортақ екені анық болды. Мен бұл қиын дивизионда үш рет жұмыс істедім және үш рет одан шығып, жоғарыға көтерілдім, сондықтан командаға тұрақтылық әкелу үшін тәжірибем мен білімімнің әр түйірін толық пайдаланамын», - деді Паркер.
