1992 жылы Қазақстан құрамасы жеті кездесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түсті. Сол жылы команда Қырғызстан, Өзбекстан, Ливия және Түрікменстан құрамаларын жеңді. Ал қалған үш матчтың барлығы 1:1 есебімен аяқталды.
Ең ерекше оқиға 1992 жылдың 3 шілдесінде Пхеньянда Ливияға қарсы өткен жолдастық кездесуде болды. Шабуыл шебіндегі футболшылардың әрекетіне көңілі толмаған Байсейітов өзін қосалқы ойыншы ретінде алаңға шығаруға шешім қабылдады. Бұл шешім нәтижесін берді: 78-минутта ойыншы-бапкер жалғыз голды соғып, Қазақстанға 1:0 есебімен жеңіс сыйлады.
Алайда арада жылдар өткен соң Байсейітовтің есімі қылмыстық іспен де байланысты атала бастады. 2022 жылы «Ордабасының» бұрынғы президентіне қаржы жымқырды деген күдікпен іздеу жарияланды. 2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанның Бас прокуратурасы оның Түркиядағы жүрген жері анықталғанын және экстрадициялау туралы сұрау жіберілгенін хабарлады. Сол кезде оны елге қайтару жөнінде шешім қабылданбаған еді.
