«Дженоаға» жеңілгеннен кейін (0:2) «Кәрі ханым» Серия А-да небәрі сегізінші орында тұр және көшбасшыдан 11 ұпайға қалып қойды. 2004 жылы командада Джанлуиджи Буффон, Павел Недвед, Алессандро Дель Пьеро және Златан Ибрагимович ойнаса, бүгінде туриндіктердің құрамынан мұнша жұлдызды табу мүмкін емес дерлік.
«Бьянконеридің» бұған дейін де трофейсіз кезеңдері болған, бірақ олар дәл қазіргідей алаңдатарлық көрінбеген. 1986-1995 жылдары команда скудеттоны жеңіп ала алмаса да, УЕФА кубогын екі рет қанжығасына байлады. Одан кейін Чемпиондар лигасында қатарынан үш финал болып, 1996 жылы турнирде жеңіске жетті. Тіпті «Кальчополи» жанжалы мен Серия В-ға түсіп қалғаннан кейін де клуб қайта оралып, 2012 жылдан бастап қатарынан тоғыз рет чемпион атанды.
Ол кезде клуб басшылығы үлкен шығынсыз мықты құрам жинай білді. Андреа Пирло мен Поль Погба тегін келді, ал Артуро Видаль 11 миллион еуро тұрды. Массимилиано Аллегридің тұсында команда Чемпиондар лигасының финалына екі рет шықты, алайда 2017 жылы Кардиффте «Реалдан» жеңілу бір кезеңнің аяқталып келе жатқанын көрсетті.
Бетбұрыс сәт 2018 жылы Криштиану Роналдудың 117 миллион еуроға ауысуы болды. Португалиялық 134 матчта 101 гол соқты, алайда онымен бірге «Юве» Чемпиондар лигасында бірде-бір рет ширек финалдан әрі аса алмады. Көп ұзамай соңғы жылдардағы табыстардың басты сәулетшілерінің бірі Джузеппе Маротта клубтан кетті.
Пандемия қаржы жағдайына одан әрі соққы берді. Тек 2020/21 маусымында ғана шығын 210 миллион еуроға жуықтады. Одан кейін бухгалтерлік есепке қатысты жанжалдар, Андреа Аньелли мен директорлар кеңесінің отставкаға кетуі, он ұпайдың алынуы және еурокубоктардан шеттетілу орын алды. 2020 жылдан бері бапкерлік орынға бес маман келіп-кетті, ал клуб тоғызыншы жыл қатарынан шығынмен жұмыс істеп отыр.
Соңғы трансферлер де сәтсіз болды. 2024 жылы туриндіктер Тейн Копмейнерс, Дуглас Луис және Нико Гонсалеске 130 миллион еуродан астам қаржы жұмсады, бірақ олардың ешқайсысы үмітті ақтамады. 2020 жылдан бері «Ювентус» Италия кубогын екі рет және Суперкубокты бір рет қана жеңіп алды, ал өткен маусымда алтыншы орынға тұрақтап, Чемпиондар лигасына жолдама ала алмады.
Клубтағы дағдарыс Италия құрамасына да әсер етті. 1982 және 2006 жылдары «Ювентус» ойыншылары чемпион құрамның негізін құраса, енді «Скуадра адзурра» әлем чемпионатына қатарынан үш рет қатыса алмады.
