«Манчестер Юнайтед» жанкүйерлері команда шабуылшысы Брайан Мбемоның әрекетіне қатты наразылық білдірді. Бұған камерундық шабуылшының түнде Instagram Stories-ке жариялаған жазбасы себеп болды: онда ол түн ортасында PlayStation-да GTA VI ойнап отырғанын көрсетті. Көптен күткен ойын 13 жылдан кейін бейсенбіге қараған түні жарыққа шықты, алайда жанкүйерлер футболшының бейсенбіге жоспарланған жаңа бас бапкер Маурисио Почеттино жетекшілігіндегі алғашқы жаттығу қарсаңында ұйқысын қиғанына ашуланды.
Әлеуметтік желілерде Мбемо спорттық режимді сақтамағаны үшін қатаң сынға ұшырады. Танымал The United Stand жанкүйерлік арнасының негізін қалаушы, британиялық комментатор әрі блогер Марк Голдбридж де өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, әлемдік деңгейдегі кәсіби футболшы ағзасына толыққанды демалыс беруге міндетті және келесі күні жаттығуы болса, сағат 23:00-ден кейін бейнеойын ойнап отырмауы керек. «Егер түн ортасында GTA VI ойнағың келсе — еш қиындық жоқ, қалағаныңды істе, бірақ «Манчестер Юнайтедтен» кет», — деді Голдбридж.
Еске сала кетейік, Брайан Мбемо 2025 жылдың жазында «Брентфордтан» 75 миллион еуроға ауысып, «қызыл сойқандардың» құрамына қосылды. Манчестерлік клубтағы алғашқы маусымында вингер Англия Премьер-лигасында 11 гол соғып, үш нәтижелі пас берді, ал биылғы маусымның он матчында төрт гол соқты. Алдағы жексенбіде «Манчестер Юнайтед» пен Мбемо «Энфилд» стадионында «Ливерпульге» қарсы қонақта ойнайды.
