Q Football

ҚПЛ-дің үздік сұрмергендері Қазақстан құрамасына шақырту алмады

ҚПЛ-дің үздік сұрмергендері Қазақстан құрамасына шақырту алмады
©️FC Elimai

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының басында шабуыл шебіндегі кадр мәселесіне тап болды.

Жарақатына байланысты команда Дастан Сатпаев, Максим Самородов және Ислам Чесноковтың көмегінен қағылды. Сонымен қатар ҚПЛ-дің бірнеше нәтижелі шабуылшысы ұлттық құрамаға шақырылмады.

Қазақстандық үздік сұрмергендер қатарында Роман Муртазаев, Оралхан Өміртаев, Елхан Астанов, Жасұлан Әмір және Артур Шушеначев бар. Муртазаев «Елімай» сапында 10 гол соқса, Өміртаев «Оқжетпес» үшін тоғыз рет мергендік танытты.

Әсіресе 33 жастағы Муртазаевтың көрсеткіші ерекшеленеді. Ол 23 матчта алты рет негізгі құрамда алаңға шықса, тағы 17 кездесуде ойынға қосалқы құрамнан қосылған. Шабуылшы 879 минут өткізіп, 10 гол соқты. Оның үшеуі пенальтиден. Орта есеппен Муртазаев әр 88 минут сайын бір гол соққан.

Мұндай ойыншының қызметі матчтардың соңғы бөлігінде ұлттық құрамаға пайдасын тигізуі мүмкін еді. Қазақстан алғашқы екі турда кездесулердің екінші жартысында шабуылды күшейтуге мәжбүр болды. Ал Муртазаев маусым бойы 20–30 минутқа алаңға шығып, ойынға тез араласа алады.

Тағы бір нұсқа «Оқжетпес» шабуылшысы Оралхан Өміртаев болар еді. Ол 22 кездесуді негізгі құрамда бастап, тоғыз гол соқты. Оның бесеуін тамыз айынан бері енгізген, бұл футболшының қазіргі жақсы формасын көрсетеді.

«Шахтер» шабуылшысы, 21 жастағы Артем Литош та қызықты кандидат болды. Бірінші лигада ол 21 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Жақында Қазақстан жастар құрамасы сапында Англия мен Ирландияға қарсы матчтарда да гол соқты. Ирландиямен кездесуде алаңнан қуылғанымен, оның дисквалификациясы Ұлттар лигасының ойындарына әсер етпейді.

Осылайша, Джон ван ’т Схиптің шабуылды күшейтуге арналған қосымша нұсқалары болды. Солардың ішінде шектеулі ойын уақытына қарамастан ҚПЛ-дегі ең нәтижелі қазақстандық футболшылардың бірі болып отырған Муртазаевтың статистикасы ерекше көзге түседі.