Q Football

Беларусьтен жеңілу Қазақстан құрамасына қандай сабақ болды?

Беларусьтен жеңілу Қазақстан құрамасына қандай сабақ болды?

Қазақстан футзал құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің негізгі раундындағы екінші кездесуінде Беларусьтен ірі есеппен жеңілді. Словакияның Гуменне қаласында өткен матч 1:5 есебімен аяқталды.

Осы жеңістен кейін Беларусь құрамасы алты ұпай жинап, 6-топтың көшіне шықты. Қазақстанның еншісінде үш ұпай бар, ал Албания әзірге ұпай алған жоқ. Топ жеңімпазы әлем чемпионатының элиталық кезеңіне тікелей жолдама алады. Екінші орын алған команда да рейтинг арқылы келесі кезеңге өтуі мүмкін. Қазақстан құрамасы 9 желтоқсанда Албанияны қабылдайды.

Sports.kz республикалық интернет-порталының тілшісі Қазақстан құрамасының бас бапкері Какаумен сұхбаттасып, Беларусьтен жеңілудің себептері мен алдағы кезеңге өту мүмкіндігін талқылады.

— Қазақстан құрамасы Беларусь қақпасына 47 соққы бағыттады, ал қарсылас 23 рет соққы жасады. Осындай көрсеткішке қарамастан, команда неге 1:5 есебімен жеңілді?

— Біз қарсылас қақпасына 47 соққы жасадық, ал Беларусь 23 рет соққы бағыттады. Алайда қарсылас гол соғу мүмкіндіктерін тиімдірек пайдаланды.

— Бірінші таймда Қазақстан құрамасы үш гол жіберіп алды. Кездесудің бастапқы бөлігінде не сәтсіз болды?

— Ойынның басында алғашқы голды соғуға мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ қарсылас біздің қателіктерімізді тиімді пайдаланып, үзіліске дейін есепті 3:0-ге жеткізді.

— Астанада Қазақстан Беларусьті 5:4 есебімен жеңген еді. Бұл жолы 1:5 есебімен ұтылдыңыздар. Қарсылас ойынында қандай өзгеріс болды?

— Астанада жақсы матч өткіздік. Бұл жолы дәл сондай нәтижені қайталай алмасақ та, көптеген гол соғатын сәттер жасадық. Футболда пайдаланылмаған мүмкіндіктер үшін жазаңды аласың. Ойын нәтижесіне әсер еткен негізгі фактор осы болды.

— Құрама қорғаныстан шабуылға шығу және допты бақылау кезінде жиі қателесті. Бұған Беларусьтің қысымы әсер етті ме, әлде ойыншылардың өзара түсіністігі жеткіліксіз болды ма?

— Екінші кездесуде Беларусь бізге көбірек қысым көрсетті деп ойлаймын. Сонымен қатар өзіміз де нәтижеге тікелей әсер еткен бірнеше қателік жібердік. Енді бұрынғыдан да көп жұмыс істейміз. Келесі кезеңге өтетінімізге сенімдімін.

Бұл жеңіліс болашақта бізге пайдалы сабақ болады деп есептеймін. Беларусьпен кездескенге дейін қатарынан үш жеңіске жеткен едік. Енді бұл нәтиже ойынымызды жақсартып, Албаниямен өтетін келесі матчтарға жақсы дайындалуымыз керектігін көрсетті.

— Ойыннан кейін команданың әлі толық дайын емес екенін айттыңыз. Қай бағытта жұмыс істеу қажет?

— Біз жаттығу үдерісіне жаңа әдістеме енгіздік. Оған бейімделу үшін уақыт керек. Футболшылардың жаттығудағы ынтасына көңілім толады. Сонымен қатар жастарға және бұған дейін аз ойнаған ойыншыларға мүмкіндік беріп жүрміз.

Мұның барлығы уақытты талап етеді. Қазақстан құрамасында өнер көрсету — үлкен жауапкершілік. Сондықтан жанкүйерлерден футболшыларымызға қолдау көрсетуді сұраймын. Келесі кезеңге өту өз қолымызда.

— Беларусьтен жеңілу әлем чемпионатының іріктеуіндегі жағдайды қаншалықты қиындатты?

— Әлі де бәрі өз қолымызда. Келесі кезеңге өту үшін Албаниямен болатын екі кездесуде де жеңіске жетуіміз керек. Сондықтан нәтиже өзімізге байланысты.

9 желтоқсанда Алматыда өтетін ойында жанкүйерлеріміздің қолдауын күтемін. Сондай-ақ матчты теледидардан тамашалайтын барша қазақстандыққа қолдау білдіруге шақырамын. Бізге жанкүйерлердің қолдауы өте қажет.