Q Football

Барлық қатысушыға жүлде қоры, жаңа турнир және бейнеқайталау жүйесінің енгізілуі. Қазақстан футзалы жаңа даму кезеңіне қадам басуда.

Барлық қатысушыға жүлде қоры, жаңа турнир және бейнеқайталау жүйесінің енгізілуі. Қазақстан футзалы жаңа даму кезеңіне қадам басуда.
КПФЛ

Қазақстан кәсіпқой футзал лигасының (ҚКФЛ) басшылығы баспасөз мәслихатында отандық футзалды сапалы жаңа деңгейге көтеретін бірқатар реформалық жаңалықтарды таныстырды.

Барлық қатысушыға жүлде қоры қарастырылған жаңа турнир

7-10 қаңтар аралығында Ақтауда Лига кубогы өтеді. Турнирде Суперлиганың үздік сегіз клубы жеңіске таласады. Сонымен қатар жарысқа қатысқан әр команда ақшалай сыйақы алады.

«Әр қатысушыға, тіпті соңғы орын алған клубқа дейін ақшалай сыйақы берілетіні аса маңызды. Бұл – клубтар Лиганың өзінен табыс табатын жүйеге көшу жолындағы алғашқы қадамдардың бірі», – деді ҚФЛ президенті Талғат Қосмұхамбетов.

Трансляцияның ең жоғары стандарттары

Алғаш рет Суперлига матчтары бір мезетте алты камерамен түсіріліп жатыр. Енді әрбір ойын сәтін барлық ракурстан егжей-тегжейлі көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар трансляция кезіндегі бейне сапасы, операторлар жұмысы мен графикалық безендіру деңгейі де артады. Матчтарды қазірдің өзінде QSport платформасынан тамашалауға болады.

Еуропалық деңгейдегі футзалдық VAR

Осы маусымнан бастап Суперлигада алғаш рет төрешілердің шешімдерін тексеруге арналған Video Support жүйесі енгізілді. Ол футболдағы VAR жүйесіне ұқсас болғанымен, футзал ережелеріне сәйкес жеке регламент бойынша жұмыс істейді. Осындай жүйелер Еуропаның жетекші футзал чемпионаттарында да қолданылады.

«Video Support жүйесін енгізу және алты камералы трансляция форматына көшу – осы маусымның өзінде Суперлиганың кәсіби стандарттарын арттыру бағытында жасалған екі нақты қадам. Телевизиялық өнімнің сапасы неғұрлым жоғары болса, чемпионат көрермендер мен серіктестер үшін соғұрлым тартымды бола түседі», – деп атап өтті ҚФЛ вице-президенті Данияр Әли.

Әр смартфонға қолжетімді платформа

ҚФЛ технологиялық серіктесі Blocksport компаниясымен бірлесіп, чемпионат, клубтар, ойыншылар және статистика туралы толық ақпарат қамтылатын цифрлық платформаны әзірлеу жұмыстарын бастап кетті.

«Біздің мақсатымыз – қазақстандық футзалға деген қызығушылық тек ойын күндерімен шектелмеуі. Чемпионат күн сайын жаңалықтарда, әлеуметтік желілерде, телебағдарламаларда, сұхбаттар мен ойыншылардың оқиғаларында көрініс табуы керек», – деді Данияр Әли.

Болашаққа бағдар

Футзалды дамытудың жаңа стратегиясы аясында ҚФЛ үш негізгі басымдықты белгіледі:

  • Жарыстарды ұйымдастыру сапасын арттыру, матчтарды өткізудің бірыңғай кәсіби стандарттарын қалыптастыру, командаларға, ойыншылар мен жанкүйерлерге арналған жағдайларды жақсарту;

  • Лига мен клубтардың тұрақты дамуы үшін жаңа серіктестер мен инвесторларды тарту;

  • Жаңа жанкүйерлерді тарту және балаларды спортқа баулу арқылы футзалды кеңінен насихаттау.

«Заманауи лиганың қызметі күнтізбе құрумен, матчтарды ұйымдастырумен және спорттық қорытынды шығарумен ғана шектелмеуі керек. Біз ҚФЛ-ды бірыңғай кәсіби платформаға айналдыруды көздейміз. Оның жұмысы клубтардың, серіктестердің, журналистердің және, әрине, жанкүйерлердің сеніміне негізделген ашық әрі түсінікті ережелер бойынша жүргізілуі тиіс. Клубтардың тарихына, бюджетіне немесе спорттық нәтижелеріне қарамастан, кәсіби стандарттар барлық қатысушыға бірдей қолданылуы қажет», – деп түйіндеді Талғат Қосмұхамбетов.