Q Football

Ориги 31 жасында футболдан кетуін миссиясының орындалғанымен түсіндірді

Ориги 31 жасында футболдан кетуін миссиясының орындалғанымен түсіндірді
©️Liverpool FC

Мансабын аяқтағаннан кейін ол Париж бен Гарвардта білім алып, жеке киім брендін іске қосуда және жас ойыншыларға тәлімгер ретінде көмектесіп жүр

Маусым айында 31 жасында мансабын аяқтайтынын жариялаған «Ливерпуль» мен Бельгия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Дивок Ориги үлкен спорттан ерте кетуінің себептерін айтып берді. Мерсисайдтық клубпен бірге АПЛ мен Чемпиондар лигасын қоса алғанда алты жүлде жеңіп алған футболшының сөзінше, ол қабылдаған шешіміне еш өкінбейді.

«Өмірдің тек спорттан тұрмайтынын мен ерте түсіндім. Көп нәрсені көрдім, талай белесті бағындырдым: Премьер-лигада, Чемпиондар лигасында, Англия кубогында жеңіске жеттім. Әлем чемпионатында және Чемпиондар лигасының финалында гол соқтым. Ішкі дауысым маған миссиям орындалғанын айтты. Өз болмысымның басқа қырларын зерттеп, жаңа бағыттарда дамуға деген құлшыныс пайда болды», — деп Оригидің сөзін келтіреді Het Laatste Nieuws.

«Миланнан» «Ноттингем Форестке» жалға берілгеннен кейін, яғни 2024 жылдың сәуірінен бері алаңға шықпаған бельгиялық футболшы түбегейлі өзгерістерге жаңа команда іздеу кезеңінде бел буғанын атап өтті. «Менде нұсқалар болды, бірақ дәл сол уақытта футболдан кейінгі өмір туралы ойлана бастадым. Дұрыс түсініңіздер: мен спортқа әрқашан барымды бердім — бұл менің үлкен құштарлығым еді. Алайда он бес, он алты жасында немесе одан да кешірек өз-өзін тани бастайтын құрдастарыңның басым бөлігінен айырмашылығы — сені бес жасыңнан бастап элиталық деңгейдегі нәтижелерге жетуге «бағдарламалайды»», — деп мойындады экс-ойыншы.