«Интер» бас бапкері Кристиан Киву «Сан-Сирода» өткен «Удинезеге» қарсы матчтан кейін (5:3) командасының камбэкпен келген жеңісіне баға берді. Ол Sky берген сұхбатында: «Есалаң «Интер» ме? Бұл - біздің ДНҚ-да бар нәрсе», - деді.
Киву ойынның барысын түсіндіре отырып, құрамның деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы 20 минутта «Удинезе» «Интердің» босаңдығын тиімді пайдаланып кеткенімен, команда тез ес жиып, матчқа қайта кірген. «Ойынның ішінде болдық. Мақтан тұтамыз. Жеңілмеуге деген құлшынысымызды көрсеттік», - деді бапкер. Сонымен бірге ол қуанышпен қатар, өзі жеткізе алмаған және «жұмыс істемей қалған тұстарды» да түсінуі керегін айтты. Киву мұны Чемпиондар лигасының әсерімен де байланыстырды: «Дегенмен Чемпиондар лигасы көп энергияңды сорып алады».
Бапкер доп өздерінде болғанда көп ойыншыны алға шығаратындарын, соның салдарынан тәуекелге де баратынын жасырмады. Дегенмен ол қарсы қысымды дұрыс ұйымдастыруға қатысты ілгерілеуді ерекше атап өтті: «Бірақ «Барелланың» 2:2 кезіндегі эпизодындағыдай қарсы қысымды дұрыс ұйымдастыра алғанымызды көру қуантады - бұл жазда арнайы жұмыс істеген тұсымыз». Киву команда мінсіз емес екенін айтып, бастысы - жұмысты жалғастыру екенін жеткізді: «Біз мінсіз емеспіз, мінсіз болуды да мақсат етпейміз. Жұмысты жалғастыру керегін білеміз».
Киву өткен маусыммен салыстыруға да тоқталды. Оның сөзінше, былтырғы дәл осы қарсыласпен ойында «Интер» жеңілген, ал қазір жағдай басқа: «Менің екі трофейім бар, бізде екі трофей артық. Бірақ ол - өткен шақ. Төрт турдан кейін ұпайымыз алтыға көп». Ол команда болмысын жоғалтпай, біртіндеп жақсара түсуге тырысып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Киву ротацияны кеңейтіп, барлық ойыншыны іске қосуды көздейтінін жеткізді. «Сучичті, Биссекті алаңға шығарғым келген. Клуб маңызды құрам жасақтады, кейде бұл мені таңдауда қиналтып та қояды», - деді ол. Бапкер үшін басты міндет - өткен жылмен салыстырғанда тепе-теңдікті жоғалтпай, дұрыс шешім қабылдау екенін атап өтті: «Қиындығы да - осы».
Алдағы «Ромамен» матчқа қатысты Киву оның үзіліске дейін маңызды екенін айтты. Ол маусымның енді басталғанын, кейбір ойыншылар толыққанды дайындықтан өте алмағанын және оларды қажетті қалыпқа келтіруге тырысып жатқанын да қоса кетті. «Мансабымда әлі мінсіз команданы көрген емеспін. Алда да қиындыққа тап болуымыз мүмкін екенін түсінеміз. Құлшыныс пен сапаны сақтап қалу керек», - деді Киву. Соңында ол: «Ромамен» матч маңызды, үзіліске дейін... Жол-жөнекей жақсара береміз», - деп түйіндеді.
