Мәскеулік «Динамоның» жартылай қорғаушысы жарақатынан кейінгі оңалту кезеңін аяқтап қалды және жақын арада жасыл алаңға оралуға ниетті. Тараз тумасы үшін бәсекелестік деңгейі жоғары лигада өнер көрсету маңызды, сондықтан ол қазір чемпионат ауыстыруды жоспарлап отырған жоқ.
Шымкенттік клубқа ауысуы мүмкін екендігі туралы ақпарат футболшының өзі үшін тосын сый болды — ол келіссөздер немесе оңтүстік өңір ұжымы тарапынан нақты қызығушылық бар-жоғынан мүлде бейхабар.
Бүгінде Зайнутдинов ұлттық құрама сапында 44 матч өткізіп, 15 гол және бір нәтижелі паспен ел тарихындағы үздік сұрмерген атағын сақтап келеді. Жартылай қорғаушы «ақ-көгілдірлер» сапына 2025 жылдың жазында Ыстанбұлдың «Бешикташынан» 2,5 миллион еуроға ауысқан болатын. Бұған дейін ол ЦСКА, «Ростов», «Астана» және өзі түлеп ұшқан «Тараз» клубтарында да сәтті өнер көрсетті. Ойыншының қоржынында Қазақстан чемпионының алтын медалі (2018), сондай-ақ Ресей кубогы (2023) мен Түркия кубогының (2024) жеңімпазы атақтары бар.
Ал бұл уақытта «Ордабасы» ҚПЛ-да чемпиондық атақ үшін таласып жатыр. 27 турдың қорытындысы бойынша шымкенттіктер 61 ұпаймен турнирлік кестеде сенімді көш бастап келеді әрі ең жақын қарсыласы — алматылық «Қайраттан» төрт ұпайға озып тұр.
