Покатилов қазақстандық футболшылардың өз алаңындағы жеңілістің есесін қайтаруға ниетті екенін айтып, алдағы матчта қос команданың мүмкіндігін тең бағалады.
«Көңіл күйіміз жақсы, жеңіске деген жігеріміз бар. Қарымта қайтарғымыз келеді. Бұл біз үшін өте маңызды ойын. Екі кездесуде де командалардың мүмкіндігі 50 де 50 деп ойлаймын», — деді қақпашы.
Сондай-ақ ол букмекерлік кеңселердің алғашқы матч алдында Қазақстанды айқын фаворит санағанымен келіспейтінін жеткізді.
«Бірінші ойында бізді фаворит деп есептегенімен келіспеймін. Букмекерлердің өз есебі бар, ал футболшылардың ойыны — мүлде басқа нәрсе», — деді Покатилов.
Қақпашы Молдоваға қарсы бұған дейінгі ресми кездесулерге қатыспағандықтан, қазіргі құрамаларды 2022 жылғы командалармен салыстыру қиын екенін айтты. Оның пікірінше, екі ұлттық құраманың да деңгейі шамамен бұрынғы қалпында.
Покатилов қарсыластың ойыны талданғанын да атап өтті. Дегенмен Молдова құрамасынан жекелеген футболшыларды бөліп көрсетпей, жалпы команданың деңгейіне назар аударды.
Сондай-ақ қақпашы клубтық деңгейдегі матчтар мен ұлттық құрамадағы ойындардың айырмашылығы туралы пікір білдірді. Жақында ол Чемпиондар лигасында дортмундтық «Боруссияға» қарсы ойнаса, бұған дейін «Олд Траффордта» «Манчестер Юнайтедпен» кездескен еді.
«Ұлттық құраманың деңгейі төмен деп айтпас едім. Әр футболшы үшін өз елінің құрамасында ойнау — ең жоғары белес. Чемпиондар лигасы — өз алдына бөлек, ал ұлттық құрама сапындағы ойынның орны мүлде басқа», — деп түйіндеді қақпашы.
