Оқиға қаңтарда Англия кубогының үшінші кезеңінде болды. «Челси» «Чарльтон Атлетикті» жеңген матчта лондондық клубтың жанкүйерлері католиктер мен ирландтарға қарсы ұрандар айтқан.
Клуб кінәсін мойындады, бірақ тәуелсіз тәртіп комиссиясы белгілеген 150 мың фунт айыппұлға шағым түсірді. Англия футбол қауымдастығы шағымды қабылдамады: ұрандар шамамен бір минутқа созылып, қайталанбағанымен, оған көп жанкүйердің қосылғанын шешуші ауырлататын жағдай деп тапты.
Қауымдастық «Челсиге» ресми ескерту де жасады. Клуб осындай оқиғалардың алдын алуға арналған арнайы іс-қимыл жоспарын орындауға міндеттелді.
«Біз мұндай әрекетті сөзсіз айыптаймыз. Діни не саяси топқа қарсы бағытталып, араздық тудыратын ұрандарға да, қандай да бір кемсітуші сөзге де клубымызда орын жоқ. «Челси» кемсітудің ешбір түріне төзбейді. Біз тәртіп бұзғандарды анықтап, оларға тиісті жаза қолдану үшін әрдайым шара қабылдаймыз», — деп мәлімдеді клуб.
