Бинкстің шотландиялық тамыры бар және осы жиынға ұлттық құрама сапында әлі бірде-бір матч өткізбеген сегіз футболшының бірі ретінде келді.
Қорғаушының мансап жолы да өзгеше өрбіді. «Тоттенхэм» академиясының түлегі 18 жасында жастар футболынан кетіп, МЛС-ке аттанды. Онда ол Тьерри Анри жаттықтырған «Монреаль Импэкт» сапында ойнады.
Бинкс әсіресе 2020 жылдың көктеміндегі локдаун кезеңін жақсы еске алады. Қонақүй жабылғаннан кейін Анри оған өзі тұрған бес жұлдызды қонақүйге көшуді ұсынған.
«Маған көшіп келгің келе ме? Менен бір қабат жоғары орналасасың», — деп еске алды Бинкс француз бапкерінің сөзін.
Нәтижесінде 129 бөлмелі «Ритц-Карлтон» қонақүйінде іс жүзінде екеуі ғана қалған. Қорғаушы Анримен көп уақыт өткізіп, футбол туралы, әсіресе қорғаныста қалай мықтырақ ойнауға болатыны жайлы жиі сұрақ қойғанын айтты.
«Оның Сол Кэмпбелл туралы айтқандарын ешқашан ұмытпаймын: оны ұлы қорғаушы еткен не және мен нені жақсартуым керек. Мен оған көп нәрсе үшін қарыздармын — ересектер футболындағы алғашқы мүмкіндікті дәл сол берді», — деді Бинкс.
«Монреальдан» кейін ол «Болонья», «Комо» және «Ковентри» клубтарында ойнады. 2025 жылдың жазында «Брённбюге» ауысып, кейін команда капитаны атанды.
Енді оның басты мақсаты — Шотландия құрамасында дебют жасау.
«Құрамаға шақырту алдым. Келесі қадам — алаңға шығу. Іштей бұл командада өз ізімді қалдырғым келеді», — деді Бинкс.
