Украина футбол қауымдастығының (УАФ) президенті Андрей Шевченко «Тоттенхэмнің» вингері Михаил Мудриктің ұлттық құраманы өзінің допинг дауына қатысы бар деп айыптаған мәлімдемелеріне қатаң жауап берді. Еске салайық, 25 жастағы футболшы тыйым салынған мельдоний препаратына тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткеннен кейін 2024 жылғы қарашадан 2026 жылғы шілдеге дейін жарыстардан шеттетілген еді. Осы аптада «Гордонның қонағында» жобасына берген сұхбатында Мудрик Украина құрамасында жол беруге болмайтын жағдай қалыптасқанын, ал препарат оның ағзасына тек өз елінде түсуі мүмкін екенін айтты: «Мен бұрын мельдоний деген препарат туралы ешқашан естіген емеспін. Оны тек Шығыс Еуропада табуға болады. Англияда мұндай зат жоқ».
The Athletic басылымына берген жауап мәлімдемесінде Андрей Шевченко ойыншының сөздерін өз жұмысын адал әрі кәсіби атқарып жүрген қызметкерлерге жабылған «негізсіз жала» деп атады. УАФ басшысының айтуынша, Мудрик «Челсиге» ауысқаннан кейін бірден лондондық клуб ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындары кезінде футболшыға ешқандай дәрі-дәрмек бермеуді сұрап ресми хат жолдаған, ал медициналық штаб бұл талапты қатаң сақтаған. Оның үстіне, құраманың бас бапкері Сергей Ребров Михаилға жиындарға өзімен бірге екі жеке маманын алып келуге рұқсат берген. Олар оның жаттығу кестесін, қалпына келуін және күнделікті тәртібін толық бақылаған.
Шевченко қауымдастық бұл іс бойынша барлық қажетті тексерулерді жүргізіп, ойыншының өкілдеріне сұратылған ақпараттың бәрін бергенін атап өтті. «Мен құрамада жұмыс істейтін адамдарды көп жылдан бері білемін және оларға толық сенемін — осы уақыт ішінде командада олардың кәсібилігіне күмән келтіретін бірде-бір оқиға болған жоқ. Егер Михаилдың өз сөздеріне дәлелі болса, оны ұсынсын. Ал егер дәлелі болмаса, ол айыптауларынан көпшілік алдында бас тартып, адалдығына күмән келтірген адамдардан кешірім сұрайды деп күтемін», — деді УАФ президенті. Айта кетейік, осы маусымда футболға оралғаннан кейін «Челсиден» жалға алу құқығымен «Тоттенхэмде» өнер көрсетіп жүрген Мудрик «шпорлар» сапында небәрі бір матч өткізіп, қазір тобығының ұзаққа созылған жарақатынан айығуын жалғастырып жатыр — команда бас бапкері Роберто Де Дзерби осы демалыс күндері оның жағдайы туралы жаңалықтарды хабарлайды деп күтілуде.
