Q Football

Алессандро Флоренци ПСЖ-ның Чемпиондар лигасына деген шектен тыс құмарлығы мен Луис Энрикенің рөлі туралы айтты

Алессандро Флоренци ПСЖ-ның Чемпиондар лигасына деген шектен тыс құмарлығы мен Луис Энрикенің рөлі туралы айтты
Getty Images

«Рома» мен «Пари Сен-Жерменнің» бұрынғы қорғаушысы Алессандро Флоренци бұрынғы клубтарының Чемпиондар лигасындағы өзара матчы қарсаңында L’Equipe басылымына берген сұхбатында париждіктердің 2020/21 маусымында Еуропаның басты клубтық турнирінде жеңіске жетуге деген құмарлығы туралы айтып, Томас Тухельдің кейін «Челсимен» бірге жеткен жеңісін карма деп атады және Луис Энрике тұсында команданың өзгергенін атап өтті.

Мансабын аяқтаған италиялық футболшы 2020/21 маусымын «Ромадан» жалға алу құқығымен «Пари Сен-Жерменде» өткізді. Флоренцидің айтуынша, сол жылы Париж клубының киім ауыстыратын бөлмесінде алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алу туралы ой бәрінен басым болды. Соның салдарынан команда ішкі біріншіліктегі үстемдігінен айырылды.

Сол маусымның желтоқсанында басшылықтың бас бапкер Томас Тухельмен қоштасу туралы шешімі жағдайды ушықтыра түсті. Тағдырдың тәлкегіндей, арада бірнеше ай өткенде неміс маманы лондондық «Челсиді» бастап Чемпиондар лигасының кубогын жеңіп алды, ал ПСЖ шешуші матчқа бір қадам қалғанда тоқтап, жартылай финалда «Манчестер Ситиден» жеңілді (1:2 және 0:2).

«Ол кезде ПСЖ Чемпиондар лигасын әлі жеңіп алмаған еді, бірақ президенттің ауқымды бір дүние құрғысы келетіні көрініп тұрды. Олардың басты ойы Чемпиондар лигасы болды. Сөзсіз, дәл осы нәрсе Франциядағы чемпиондық атақтан айырылуымызға себеп болды: сол маусымда біз тек Чемпиондар лигасы туралы ойладық. Ақырында жартылай финалда «Манчестер Ситиден» жеңілдік, ал Тухель турнирдің финалында жеңіске жетті. Бұл — карма! Бірақ Париж туралы тамаша естеліктерім қалды, алғашқы жүлделерімді де дәл сол жерде жеңіп алдым», — деді Флоренци.

Италиялық футболшы француз алпауытының түптің түбінде Еуропада жетістікке жететініне әрдайым сенгенін, бірақ ол үшін клубқа түбегейлі ішкі өзгерістер қажет деп санағанын айтты. Оның пікірінше, бұл өзгерістерге париждіктердің қазіргі бапкері Луис Энрике түрткі болды: оның тұсында команда психологиялық қысымнан арылып, Чемпиондар лигасын қатарынан екі рет жеңіп алды.

«Мен өзіме ПСЖ түптің түбінде Чемпиондар лигасын жеңіп алады дейтінмін, иә, бірақ ол үшін ерекше бір нәрсе болуы керек еді. Сол ерекше нәрсе Луис Энрике болды. Онымен бірге бұл мүлде басқа клубқа айналды», — деп атап өтті бұрынғы қорғаушы.

Флоренци алдағы еурокубок кешін ерекше назармен бақылайды: сәрсенбіде оның бұрынғы командалары — ПСЖ мен «Рома» — Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің бесінші туры аясында «Парк де Пренс» стадионында кездеседі.