Грозныйлық «Ахмат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының вингері Ғалымжан Кенжебек Ұлттар лигасы топтық кезеңінің Словакияға қарсы қорытынды матчынан (2:2) кейін команданың өнерін қорытындылады, деп хабарлайды Birinshibol.
«Жанкүйерлерге тек алғыс айтамын. Осындай нәтижелерге қарамастан, олар стадионға келіп, бізге қолдау көрсетеді, ойындарымызды тамашалайды. Бұл Ұлттар лигасында біз жанкүйерлердің үмітін ақтамадық. Бірақ алда әлі талай турнир бар, бұйырса, осы құрамамен бірге әлі бір белеске шығамыз», — деді Кенжебек.
Ұлттық құрама ойынындағы өткен жылдармен салыстырғандағы құлдырауға қатысты пікір білдірген футболшы ойыншылардың 2023 жылмен және өткен маусыммен салыстырғанда нәтижелердің алшақтығын өздері де түсінетінін атап өтті, алайда жанкүйерлерден сенім жоғалтпауды сұрады. «Бұл — футбол, кейде жақсы ойнайсың, кейде нашар ойнайтын кездер болады. Жанкүйерлерге айтарым: бізге соңына дейін сеніңіздер. Бұйырса, келесі жылдары, басқа турнирлерде сіздерді қуантамыз», — деп қосты жартылай қорғаушы.
Еске салайық, Словакиямен өткен кездесу 16 қарашада Қазақстан елордасында өтті, ал топтық кезең қорытындысы бойынша құрама үш ұпай жинап, C3 квартетінде соңғы, төртінші орынға табан тіреді.
