УЕФА сейсенбіде өтетін Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турдың мадридтік «Реал» мен Эйндховеннің ПСВ клубы арасындағы матчына төреші тағайындады. Кездесудің бас төрешісі норвегиялық Эспен Эскос болады. Турнирде ұпай жоғалтпай өнер көрсетуін жалғастыруға ұмтылған «Реал» үшін бұл жаңалық үміт ұялатады.
Испанияның Mundo Deportivo басылымы атап өткендей, Эскос УЕФА төрешілерінің элиталық санатына кіреді және 2017 жылдан бері халықаралық төреші лицензиясына ие. Алдағы ойын ол үшін осы маусымдағы УЕФА клубтық турнирлерінде бесінші матч болмақ; бұған қоса, биылғы маусымда ол Ұлттар лигасының екі матчына төрелік етті.
Норвегиялық төреші еурокубоктарда «Реалдың» матчына төртінші рет төрелік етеді, ал оның төрелігімен өткен алдыңғы үш кездесудің бәрінде мадридтік клуб жеңіске жеткен. Эскос соңғы рет «Корольдік клубтың» ойынына биылғы 20 қаңтарда, турнирдің өткен маусымындағы жалпы кезеңде төрелік еткен: сол кезде «Реал» өз алаңында «Монаконы» 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Оған дейін ол 2024/25 маусымында француздық «Брестке» қарсы матчқа төрелік етті (мадридтіктердің пайдасына 3:0), ал «Реалдың» қатысуымен өткен алғашқы кездесуі 2023/24 маусымының топтық кезеңінде «Сантьяго Бернабеуде» болды. Онда алаң иелері Берлиннің «Унионын» ең аз есеп айырмасымен жеңді (1:0).
Ал ПСВ үшін бұл төреші жаңа есім болмақ: Эйндховен клубының құрлықтық турнирлердегі бай тарихына қарамастан, Эспен Эскос нидерландтық команданың Еуропа аренасындағы матчтарына әлі бірде-бір рет төрелік еткен жоқ.
