Q Football

«Барселона» жұлдыздарсыз да мықты: каталондық клубтың Еуропадағы үстемдігінің сыры неде?

«Барселона» жұлдыздарсыз да мықты: каталондық клубтың Еуропадағы үстемдігінің сыры неде?

Бейсенбі күні әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасы аясында «Арсенал» құрамын айтарлықтай жаңартқан «Барселонамен» кездеседі. Бірнеше негізгі футболшысынан айырылғанына қарамастан, каталондық ұжым әлі де турнирдің басты фавориттерінің бірі саналады. Команданың тұрақтылығы неде және ойыншылар ауысуы нәтижелерге неге әсер етпей отыр?

«Барселонаның» қазіргі құрамы 2025 жылғы Чемпиондар лигасының финалында лондондық клубқа қарсы ойнаған командадан едәуір ерекшеленеді. Жазғы трансферлік кезеңде үш мәрте «Алтын доп» иегері Алексия Путельяс, қорғаушы Мапи Леон, флангтегі ойыншы Она Батлье және шабуылшы Сальма Паральуэло клубтан кетті.

Путельяс мансабын «Лондон Сити Лайонесс» сапында жалғастырса, Мапи Леон да осы командаға қосылды. Она Батлье «Арсеналға» ауысты, ал Сальма Паральуэло француздық «Лионның» ойыншысы атанды. Төртеуі де каталондық клубтың жетістіктеріне үлкен үлес қосқан. Олар өткен маусымда Чемпиондар лигасын қоса алғанда, төрт бірдей жүлде жеңіп алған тарихи құрамның мүшелері еді.

Дегенмен негізгі ойыншылардың кетуі «Барселонаның» жаңа еурокубок маусымындағы қарқынына кедергі келтірген жоқ. Чемпиондар жалпы кезеңдегі үш кездесудің барлығында жеңіске жетіп, қарсыластар қақпасына 19 гол соқты. Бейсенбі күні каталондықтар «Камп Ноуда» «Арсеналды» қабылдайды. Матч 17:45-те басталады (Гринвич уақыты бойынша).

Лондондық клуб үшін бұл кездесу оңайға соқпайтыны анық. Екі маусым бұрын «Арсенал» Чемпиондар лигасының финалында «Барселонаны» сенсациялық түрде жеңген еді. Бұл жеңіс сол кезде жақында ғана бас бапкер болып тағайындалған Рене Слегерс жетекшілік ететін команданың жаңа кезеңіне жол ашты.

Алайда биылғы маусым ағылшын клубы үшін сәтті басталған жоқ. Қатарынан бес матч жеңіске жете алмаған команда қазан айында ғана бұл серияны тоқтатты. Нәтижесінде «Арсенал» Англия Суперлигасының турнирлік кестесінде алтыншы орынға сырғыды. Ал Чемпиондар лигасында лондондықтар сәттірек өнер көрсетіп жүр: алғашқы үш турдан кейін жеті ұпаймен бесінші орында келеді.

«Барселонаның» жаздағы өзгерістерін ескерсек, «Арсенал» өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқан қарсыласқа тап боламыз деп үміттенуі мүмкін еді. Бірақ каталондықтар бұрынғыдай жоғары деңгей көрсетіп отыр. Мұның сыры неде?

Кройф философиясы және ұрпақтар сабақтастығы

«Барселонаның» тұрақты жетістіктерінің басты себептерінің бірі — футболшылар жас кезінен меңгеретін өзіндік ойын философиясы. Бұл жүйенің негізі клубтың әйгілі «Ла Масия» академиясында қаланады.

Қазіргі команданың көптеген жұлдызы, соның ішінде үш мәрте «Алтын доп» алған Айтана Бонмати де осы академияда тәрбиеленген. «Ла Масия» клуб тарихындағы маңызды тұлғалардың бірі Йохан Кройфтың есімі берілген «Эстади Йохан Кройф» стадионының жанында орналасқан.

Академия тәрбиеленушілері бірдей ойын жүйесі бойынша дайындалады. Олар алаңдағы позицияларын жылдам өзгертіп, серіктестерінің әрекетін түсінуге үйренеді. Соның арқасында жаңа ойыншылар командаға тез бейімделеді, ал көшбасшылардың кетуі бүкіл ойын жүйесін қайта құруды қажет етпейді.

2023 жылдан бері «Барселона» сапында өнер көрсетіп жүрген Эсме Брюгтс BBC Sport басылымына берген сұхбатында әр маусымда өзгерістер болатынын, алайда футболда мұндай жағдайлар қалыпты екенін айтты.

Оның пікірінше, бір ойыншының кетуі екіншісіне мүмкіндік береді. Қазіргі құрам өз тарихын қалыптастырып жатыр және футболшы команданың осы уақытқа дейінгі нәтижелеріне көңілі толатынын жеткізді.

Брюгтс «Барселонаның» ойын мәнерін көптеген ұсақ бөлшектерден тұратын жүйе деп сипаттады. Оның айтуынша, әр футболшы өз міндетін дұрыс орындап, команданың мүддесі үшін әрекет етуі керек.

Нидерланд құрамасының ойыншысы Йохан Кройф туралы деректі фильм көргеннен кейін клубтың философиясын жақсырақ түсінгенін де атап өтті. «Барселона» әр апта сайын осы ойын үлгісін көрсетуге тырысады. Команданың мақсаты — әдемі футбол ойнап, барлық мүмкін жүлдені жеңіп алу. Брюгтс үшін «тики-така» стилі ерекше ұнайды.

«Арсеналдың» бас бапкері Рене Слегерс те каталондық клубтың өзіндік ойын жүйесіне назар аударды. Оның айтуынша, «Барселонаның» нақты әрі қалыптасқан футболдық болмысы бар. Жаңа ойыншылардың қосылуы мен құрамдағы ротацияға қарамастан, команданың ойын мәнері өзгермейді.

Жас ойыншылар — болашақтың негізі

Құрамдағы ауқымды өзгерістерге қарамастан, «Барселонаның» мақсаттары сол күйінде қалды. Каталондықтар өткен маусымда жеңіп алған төрт жүлденің барлығын қорғап, Еуропадағы үстемдігін жалғастырғысы келеді.

Эсме Брюгтстің пікірінше, клуб жаңа футболшылардың көмегімен өзінің ойын философиясын одан әрі дамытып жатыр. Ол қазіргі құрамның мүмкіндігіне шек жоқ деп санайды.

Бұл үдерісте жас футболшылардың орны ерекше. Команда сапында 18 жастағы жартылай қорғаушы Клара Серрахорди, 20 жастағы қорғаушы Рене ван Астен және 20 жастағы шабуылшы Вики Лопес өнер көрсетіп жүр.

Брюгтстің өзі де каталондық клубқа ауысқаннан кейін команданың талаптарына үйреніп, ойын ерекшеліктерін түсіну үшін біраз уақыт қажет болғанын жасырмады. 23 жастағы футболшының айтуынша, бұл әлі де жалғасып жатқан үдеріс.

Сондай-ақ ол клуб академиясында өсіп келе жатқан жас ойыншылардың деңгейіне тәнті екенін жеткізді. Брюгтстің пікірінше, академия футболды жақсы түсінетін және қажет болған сәтте алаңға шығуға дайын ойыншыларды тәрбиелейді.

Осылайша, «Барселонаның» тұрақтылығы жекелеген жұлдыздарға ғана емес, тұтас футбол жүйесіне және ортақ ойын қағидаларына негізделген. Дәл осы сабақтастық каталондық клубқа құрамдағы өзгерістерге қарамастан, әйелдер футболындағы ең мықты командалардың бірі болып қалуға мүмкіндік беріп отыр.