Қостанайлық «Тобыл» Қазақстан Премьер-лигасының регламентіне сай болу үшін команда өтінімін амалсыздан қайта жасақтады деп хабарлайды AmanVIBE.
Беларусьтік шабуылшы Виталий Лисаковичтің келуі ұжымдағы шетелдік футболшылар санын арттырды — рұқсат етілген 10 ойыншының орнына 11 легионер жиналды. Жаңадан келген ойыншыны ережеге сай тіркеу үшін клуб маусым айында ауыр жарақат алып, чемпионат аяқталғанша алаңға толық оралуы екіталай болып тұрған 33 жастағы черногориялық қорғаушы Марко Вукчевичті өтінімнен шығарды.
Соған қарамастан, футболшымен келісімшарт бұзылмайды: Вукчевич клуб жағдайын түсініп, толық сауыққанша командада қалатын болды. ҚПЛ-дың осы маусымында ол «Тобыл» сапында сегіз кездесу өткізіп, бір гол мен бір нәтижелі пастың авторы атанды. Қазіргі сәтте қостанайлықтар 19 турда 22 ұпай жинап, турнирлік кестеде сегізінші орында тұр.
«Тобыл» легионерлер шектеуіне байланысты қиын шешімге келді

Черногориялық қорғаушы Марко Вукчевич маусымдық өтінімнен шығуға келісіп, Виталий Лисаковичке орын босатты