Q Football

Сарапшылар Ираоланың «Ливерпульдегі» алғашқы қадамдарына баға берді

Сарапшылар Ираоланың «Ливерпульдегі» алғашқы қадамдарына баға берді
Sky Sports

Мерсисайдтықтардың жаңа бас бапкері әзірге жеңіліс дәмін татқан жоқ, ал жексенбіде оның командасын маусым басынан бергі ең басты сын күтіп тұр: «Энфилдте» «Манчестер Ситимен» кездесу өтеді.

Андони Ираоланың «қызылдар» ойынына қандай өзгеріс енгізіп үлгергенін Sky Sports-тың Премьер-лигаға арналған подкастына қатысушылар талқылады. Олар — тілшілер Винни О'Коннор мен Марк Макадам және журналист Дэн Морган.

О'Коннор маманның құрам таңдаудағы батылдығына назар аударды. Испаниялық бапкер қорғаныстың оң қапталына Джереми Фримпонгтың орнына Рональд Араухоны қойып, Райан Гравенберхті қосалқы құрамда қалдырды, ал жас ойыншылар Льюис Кумас пен Трей Ньониге сенім артып, алаңға шығарды.

«Бәрі мінсіз болған жоқ, бірақ прессингтен Ираоланың ықпалын біртіндеп көре бастадық. Премьер-лиганың соңғы үш турында қақпаны үш рет құрғақ сақтап қалу команданың өз айып алаңын әлдеқайда жақсы қорғайтынын көрсетеді. Меніңше, оның командасы жоғары қарқынды футболды тұрақты көрсететін күн алыс емес», — деді О'Коннор.

Сонымен қатар оның айтуынша, «Ливерпуль» қарсыластың қарсы шабуылдарына әлі де осал, ал бапкер алаң ортасындағы тепе-теңдікті іздеуді жалғастырып жатыр.

Макадам басты жетістік ретінде жеңіліссіз серияны және Чемпиондар лигасында «Атлетикоға» қарсы жеңісті атады.

«Бұл олардың жеңе алатынын ғана емес, мықты командаларға, грандтарға қарсы ойында да жеңіске жете алатынын көрсетеді. Андониге ең қажеті және оның «Борнмутта» болған нәрсесі — уақыт», — деп атап өтті тілші.

Ол Ираоланың командасы бабына келгенде жанкүйерлер көптен бері көрмеген ең тартымды ойын үлгілерінің бірін көрсететінін айтып, оны Юрген Клопп тұсындағы футболмен салыстырды.

Морганды бапкердің прагматизмі таңғалдырды: ол испаниялық маман «Борнмутта» ұстанған философиясынан еш айнымайды деп күткен екен.

«Меніңше, бұл оның жұмыстың ауқымын түсінетінін білдіреді. Ол «Ливерпульдегі» алғашқы он матчты жеңіссіз өткізуге болмайтынын ұқты. Сондықтан нәтижеге байыппен қол жеткізудің жолын тапты. Бірақ жанкүйерлерде әлі де «Жарайды, ал ұлы сәт қашан туады?» деген үміт бар. Жексенбіде бұған тамаша мүмкіндік туып тұр», — деді Морган.