2026/27 маусымы 22 тамызда «Интер» — «Монца» және «Удинезе» — «Комо» матчтарымен басталады. А сериясы клубтары трансферлерге жұмсалған шығын көлемін €900 млн-ға жақындатты. Дегенмен трансферлік терезе 1 қыркүйекке дейін ашық болады.
Үздік 10 трансфер
1. Гонсалу Рамуш: ПСЖ → «Милан», €74 млн
Италиядағы жазғы трансферлік науқанның ең қымбат келісімі және «Миланның» жаңа трансферлік рекорды. Португалиялық шабуылшы 2031 жылға дейін келісімшартқа қол қойып, клубтың негізгі тоғызыншы нөмір мәселесін шешуі тиіс.
Рубен Аморим шабуылды аяқтай алатын әрі қарқынды прессингке қатысатын шабуылшыға ие болды. Мұндай баға жағдайында Рамуштан тек гол ғана емес, команданың чемпиондық жарысқа қайта оралуы да күтіледі.
2. Диего Морейра: «Страсбур» → «Милан», шамамен €50 млн
Бонустарды қоса есептегенде 22 жастағы футболшының трансфер құны €65 млн-ға жетуі мүмкін. Морейра 2031 жылға дейін келісімшартқа қол қойып, «Миланның» кезекті рекордтық инвестициясына айналды.
Ол қанаттағы бірнеше позицияда ойнай алады және үш орталық қорғаушысы бар жүйеде әсіресе пайдалы. Жылдамдығы мен бір-біріне қарсы ойында қарсыласын алдай алу қабілеті оны Аморим командасының маңызды ойыншысына айналдыруы тиіс.
3. Расмус Хойлунд: «Манчестер Юнайтед» → «Наполи», €44 млн
Даниялық футболшы өткен маусымды Неапольде жалға алу негізінде өткізді. Команданың Чемпиондар лигасына шығуы футболшыны міндетті түрде сатып алу туралы шарттың іске қосылуына себеп болды.
Ромелу Лукаку кеткеннен кейін Хойлунд «Наполидің» негізгі орталық шабуылшысы атанады. Массимилиано Аллегри чемпионатқа бейімделуге уақыт қажет етпейтін форвардқа ие болды.
4. Рандаль Коло Муани: ПСЖ → «Ювентус», €41,2 млн
Коло Муани Туринге тұрақты түрде оралды. «Ювентустағы» алғашқы кезеңінде француз 22 матчта 10 гол соқты, кейін Англияда бір маусым өткізді.
Лучано Спаллетти орталықта да, қанатта да ойнай алатын жылдам әрі әмбебап шабуылшыға ие болды. Душан Влахович кеткеннен кейін француз жаңарған шабуыл шебінің негізгі ойыншысына айналуы тиіс.
5. Трево Чалоба: «Челси» → «Комо», шамамен €40 млн
«Комо» тарихындағы ең айтулы трансферлердің бірі. Ағылшын қорғаушысы 2031 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Ал трансфер құны Сеск Фабрегас жобасының амбициясын көрсетеді.
Чалоба қорғаныстың ортасында, оң қапталда немесе тірек аймағында ойнай алады. Оның тәжірибесі «Комоға» мықты ортаңғы команда мәртебесінен еурокубок жолдамалары үшін күреске өтуге көмектесуі тиіс.
6. Сантьяго Кастро: «Болонья» → «Рома», €35 млн
«Рома» чемпионаттағы ең перспективалы шабуылшылардың біріне ставка жасады. 21 жасқа дейін Кастро «Болонья» сапында 100-ден астам матч өткізіп, 22 гол соқты.
Аргентиналық футболшыға тоғызыншы нөмір берілді және ол Джан Пьеро Гасперини командасының шабуылын басқаруы тиіс. Артём Довбиктің «Болоньяға» жалға берілуі де Кастроның негізгі форвард ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді.
7. Джед Спенс: «Тоттенхэм» → «Интер», шамамен €30 млн
Бонустарды есептегенде трансфер құны €35 млн-ға дейін өсуі мүмкін. Спенс 2031 жылға дейін келісімшартқа қол қойып, мадридтік «Реалға» кеткен Дензел Думфристің орнын басуы тиіс.
Ағылшын футболшысы жылдамдығы, төзімділігі және допты өз бетімен алға жылжыта алу қабілетінің арқасында латераль рөліне сай келеді. Кристиан Киву жүйесі үшін бұл жаздағы негізгі трансферлердің бірі.
8. Джон Стоунз: «Манчестер Сити» → «Интер», еркін агент
Қаржылық тұрғыдан бұл трансферлік терезедегі ең тиімді келісімдердің бірі. Манчестерлік клубтағы он маусымнан кейін 32 жастағы қорғаушы Италия чемпионымен 2028 жылға дейін келісімшартқа отырды.
Стоунз шабуылды бастап, жартылай қорғау шебіне көтеріліп, үш орталық қорғаушыдан тұратын қорғаныстың түрлі нұсқаларында ойнай алады. Оның келуі Стефан де Врей, Франческо Ачерби және Маттео Дармиан кеткеннен кейін ерекше маңызды.
9. Керим Алайбегович: «Байер» → «Ювентус», €32 млн
Туриндік клуб 18 жастағы шабуылдағы жартылай қорғаушы үшін қомақты қаржы төледі. Келісімшарт 2031 жылға дейін есептелген, сондықтан бұл ең алдымен ұзақ мерзімді инвестиция.
Алайбегович сызықтардың арасында және екі қанатта да ойнай алады. Негізгі құрамдағы орнына кепілдік берілмегенімен, трансфер сомасы «Ювентус» босниялық футболшыны болашақ көшбасшылардың бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді.
10. Родриго Мора: «Порту» → «Рома», €25 млн
Гасперинидің жаңа жобасына қосылған тағы бір жас футболшы. 19 жасында Мора «Порту» негізгі командасы сапында 80 матч өткізіп, 16 гол соғып үлгерді.
Португалиялық футболшы шабуылшының артында ойнап, қанатқа ығысып, тар кеңістікте қауіпті сәттер жасай алады. Ол Кастромен бірге «Романың» шабуылын жас әрі мобильді етуі тиіс.
Басқа маңызды трансферлер
«Милан» қорғаныс орталығын күшейтті. «Лациодан» Марио Хиланы алу үшін €30 млн төледі. Сонымен қатар клуб Лука Модричпен келісімшартын ұзартты. Осылайша киім ауыстыратын бөлмедегі негізгі көшбасшылардың бірін сақтап қалды.
«Интер» қорғаныс шебін толығымен дерлік қайта құрды. Спенс пен Стоунздан бөлек, миландықтар Мануэль Аканжиді €15 млн-ға толық сатып алды, Александар Станковичті €23 млн-ға қайта қатарға қосты және қақпашы Иван Проведельді сатып алды.
«Рома» құрамын ауқымды түрде жаңартты. Дониэлл Мален «Астон Вилладан» €25 млн-ға ауысты, Константинос Кулиеракис шамамен €16,5 млн тұрса, Науэль Молина €13 млн-ға келді.
«Фиорентина» трансферлік терезедегі ең белсенді клубтардың біріне айналды. Флоренциялық клуб Крист Инао Улаиды €26 млн-ға, Артюр Аттаны €25 млн-ға, Матео Пеллегриноны €22,5 млн-ға және Джованни Фаббианды €13 млн-ға қатарға қосты. Франко Мастантуоно мен Раду Дрэгушиннің жалға алынуы да назар аудартады.
«Болонья» Кастроның орнына Артём Довбикті алды. Украиналық шабуылшы «Ромадан» шамамен €20 млн-ға сатып алу мүмкіндігімен жалға алынды. Команда Томмазо Побеганы және аргентиналық жас футболшы Микель Амондарайынды да сатып алды.
«Комо» Альваро Мората арқылы шабуылын күшейтті. Трансфер шамамен €12 млн болды. Испаниялық футболшы Чалобамен бірге командаға чемпионат көшбасшыларымен матчтарда жетіспеген тәжірибе қосуы тиіс.
Бірнеше танымал футболшы күтпеген бағыттарды таңдады. Гульельмо Викарио «Тоттенхэмнен» «Ювентуске» жалға ауысты, Николо Дзаньоло «Удинезе» ойыншысы атанды, Харри Уинкс «Кальяриге» қосылды, ал Давиде Фраттези «Интерден» «Лациоға» кетті.
А сериясы бірнеше танымал футболшысынан айырылды. «Аталанта» Марко Палестраны «Челсиге» шамамен €57 млн-ға сатты, «Сассуоло» Тарик Мухаремович үшін «Лидстен» €37 млн алды, ал «Наполи» Мигель Гутьерресті €26 млн-ға «Байерге» жіберді.
Орталық Азия үшін Элдор Шомуродовтың кетуі де ерекше назар аудартады. Өзбекстан құрамасының шабуылшысы «Ромадан» кетіп, мансабын «Истанбул Башакшехирінде» жалғастырады. Оның Италиядағы мансабы «Дженоа», «Рома», «Специя» және «Кальяри» сапындағы ойындардан кейін аяқталды.
Трансферлік нарық әлі де ашық
«Комо» «Миландағы» Самуэле Риччиді жалға алу бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Ал Лаутаро Мартинеске «Барселона» тарапынан қызығушылық сақталуда.
Трансферлік терезенің жабылуына әлі уақыт бар. Сондықтан чемпиондық үшін күреске қатысатын командалардың құрамы әлі де өзгеруі мүмкін.
Айта кетейік, Qsport арналары 22 тамыздан бастап А Сериясының ойындарын тікелей эфирде көрермен назарына ұсынады.
€74 млн-дық Рамуш: А сериясы басталар алдындағы үздік 10 трансфер

«Милан» клуб тарихындағы ең қымбат екі трансферін жүзеге асырды, «Интер» қорғанысын Англиядан келген футболшылармен күшейтті, ал «Ювентус» Рандаль Коло Муаниді қайта қатарға қосты. Италияның алпауыттары құрамдары мен бапкерлер штабтарын бір уақытта жаңартты.