Туриндік «Ювентус» ПСЖ-ның француз шабуылшысы Рандаль Коло Муанидің трансферіне қатысты барлық келіссөздерді сәтті аяқтады. Танымал спорт инсайдері Фабрицио Романоның X (бұрынғы Twitter) желісінде хабарлауынша, футболшыға туриндік клубқа өтер алдындағы медициналық тексерістен өтуге ресми рұқсат берілген.
Бұл жолы Коло Муани «Ювентуске» жалға емес, толыққанды трансфер құқығымен ауысады. Дереккөздің мәліметінше, италиялық клуб француз ойыншысы үшін париждіктерге 38 миллион еуро көлемінде тұрақты төлем жасайды, сондай-ақ келісімшартта 12 миллион еуро мөлшерінде қосымша бонустар қарастырылған.
27 жастағы форвардпен жасалатын жаңа келісімшарт бес маусымға, яғни 2031 жылдың жазына дейін есептелген. Оның Туриндегі жылдық жалақысы шамамен 5 миллион еуроны құрайды. Естеріңізге сала кетейік, Коло Муани бұған дейін, дәлірек айтсақ, 2025 жылдың бірінші жартысында «Ювентус» сапында аренда құқығымен өнер көрсеткен болатын. Енді ол бұрынғы командасына біржолата оралып отыр.
