Ойыншының айналасындағы адамдармен ықтимал мәміленің егжей-тегжейін жеке талқылау үшін «көк-гранаттылардың» топ-менеджменті Испания астанасына аттанды.
Каталондық грандтың спорттық директоры Деку мен оның көмекшісі Жоау Амарал Мадридте «Атлетиконың» 26 жастағы шабуылшысының мүддесін білдіретін Фернандо Идальгомен кездесу өткізді. Сапардың басты мақсаты — әлем чемпионының көк-гранаттылар қатарына өту стратегиясын әзірлеу болды. Футболшының өзі қазір Ибицада демалыста жүр және «матрасшылардың» карамағына 10 тамызға қарай келуі тиіс, алайда оның агенттері ойыншының команда ауыстырғысы келетінін ашық айтуда. Олардың сөзінше, Альварес тек Каталонияға ауысып, Ханс-Дитер Фликтің қол астында жұмыс істеуді ғана көздеп отыр.
Көк-гранаттылар шабуылшы үшін бұрынғыша € 100 млн бермекші, ал Хулианның өзінің бұл табандылығы «Барса» басшылығын белсенді әрекеттерге өршелендіре түсуде.
Дегенмен, Мадрид клубы түбегейлі қарсы. «Атлетиконың» бас директоры Мигель Анхель Хиль бұл трансфер тіпті € 200 млн ұсынса да жүзеге аспайтынын ашық мәлімдеді. Клубтар арасындағы қарым-қатынас өте шиеленісті күйде қалып отыр — «матрасшылар» каталондықтарды заңсыз әрекеттер жасады деп айыптап, RFEF-ке ресми шағым түсірді, соның салдарынан тексеріс басталды.
Декудың футболшының агентімен байланысы маңызды кезең болғанымен, «Барселона» үшін басты кедергі — «Атлетиконың» ресми келіссөздер жүргізуден үзілді-кесілді бас тартуы болып отыр.
Өткен 2025/2026 маусымында Хулиан Альварес мадридтіктер сапында барлық турнирде 49 матч өткізіп, өзінің еншісіне 20 гол мен 9 ассист жазды. Ойыншының нарықтық құны Transfermarkt порталында € 120 млн деп бағаланады, ал оның «Атлетикомен» қазіргі келісімшарты 2030 жылдың жазына дейін есептелген.
