Q Football

Ханси Флик төрешілерге жүгінді, «Сабахты» бағалады және Кубарсидің жағдайы туралы айтты

Ханси Флик төрешілерге жүгінді, «Сабахты» бағалады және Кубарсидің жағдайы туралы айтты
Getty Images

«Барселонаның» бас бапкері Ханси Флик Бакуде Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің бесінші турында әзербайжандық «Сабахқа» қарсы өтетін ойын алдындағы баспасөз мәслихатында төрешілердің өз командасына деген көзқарасы туралы қатаң пікір білдіріп, қарсыласының ойын деңгейі жоғары екенін атап өтті және жарақат алған футболшыларға қатысты жағдайды түсіндірді.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші тур матчы сәрсенбі күні кешке Баку Олимпиада стадионында өтеді. Каталондықтар тоғыз ұпай жинап (үш жеңіс және бір жеңіліс), турнирлік кестеде бесінші орында тұр және 1/8 финалға тікелей шығуға жақындай түспек. Басты еурокубокта алғаш рет өнер көрсетіп жатқан «Сабах» үш ұпаймен (бір жеңіс және үш жеңіліс) 31-орында келеді.

Екі клубтың ойын үлгілерінің ұқсастығы туралы сұраққа жауап берген Флик әзербайжандық ұжымның батылдығын жоғары бағалап, қарсыластың ойынын талдаушылармен талқылағанын атап өтті: «Біздің ойымызша, «Сабах» Ла Лигада бәсекеге түсе алар еді, өйткені олардың футбол философиясы өте жақсы. Ертең ойынға көтеріңкі рухпен және қажетті зейінмен шығуымыз маңызды. Бұл — футбол ойнағанды ұнататын және шабуылды өз қақпасынан бастауға батылы жететін команда». Неміс маманының айтуынша, «Барселона» футболшыларына Чемпиондар лигасында ойнау үшін қосымша мотивация қажет емес, алайда олар үшін турнир дебютанттарынан жігер жағынан кем түспеу маңызды.

«Көк-анар түстілердің» бапкері төрелік тақырыбын да бөлек қозғап, соңғы кездесулерде төрешілердің өз командасымен қалай сөйлескеніне — атап айтқанда, «Вильярреалға» қарсы ойындағы резервтік төрешінің әрекетіне — көңілі толмағанын жасырмады. «Соңғы уақытта қосалқы құрам орындықтарында, трибуналарда және алаңда сан алуан эмоция болды. Біздің ойымызша, кейбір шешімдерді басқаша қабылдау керек еді, әрі біз мұны, әсіресе, төртінші төрешіге анық білдірдік. Бірақ, біздің пікірімізше, ол жағдайды тиісінше реттей алмады, төрешілер комитеті мұны түсінеді деп үміттенемін», — деп келтіреді бапкердің сөзін Mundo Deportivo.

Флик төрешілерді өзара құрметке негізделген диалогқа шақырды: «Біз түсіністік танытуға тырыстық, сондықтан олар да біздің ұстанымымызды түсінеді деп үміттенеміз — әсіресе, тең дәрежеде сөйлесе алуымыз үшін. Бізбен жоғарыдан қарағандай сөйлескені жағымсыз. Біз жұмысымызды жақсарта аламыз, бірақ олардан да соны талап етуіміз керек». «Вильярреалға» қарсы матчта қосалқы құрам орындықтарында отырып, эмоцияға беріліп наразылық білдіргені үшін қызыл қағаз алған жартылай қорғаушы Фермин Лопес мұны қайталамай ма деген сұраққа Флик күлімсіреп: «Бұл қайталанбауы үшін Ферминді қосалқы құрам орындықтарының артқы қатарына отырғызамыз, бірақ ертең ол ойнай алады», — деп жауап берді.

Бапкер матч алдындағы құрам жағдайы туралы да айтты. Қорғаушы Пау Кубарси ойынға қатыса алады — оның жарақаты ауыр немесе қауіпті емес, алайда бапкерлер штабы оны сәрсенбі күні алаңға шығара ма, әлде сауығып кетуіне қосымша уақыт бере ме, әлі шешеді. Вингер Ламин Ямаль Әзербайжанға ұшып келген жоқ: бір күн бұрын оны толық емделуі үшін үйде қалдыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Флик Френки де Йонгты алаңдағы кез келген позицияда ойнауға дайын болғаны үшін тағы да мақтап, нидерландтықты әлемдегі ең үздік жартылай қорғаушылардың бірі деп атады. Соңында неміс маманы құрамға жекелеген өзгерістер енгізуі мүмкін екенін айтып, жыл соңына дейінгі тығыз күнтізбе жағдайында барлық футболшыға ойын тәжірибесі қажет болатынын атап өтті.