Q Football

Каталондықтардың трансферлік жоспары: «Барселона» «Бенфикаға» 28 миллион еуро тұратын форвард үшін шықпақ

Каталондықтардың трансферлік жоспары: «Барселона» «Бенфикаға» 28 миллион еуро тұратын форвард үшін шықпақ
Getty Images Sport

Шабуылшы іздеген каталондықтар трансфер нарығындағы басты бағыттарын айқындады. Тізімде Хулиан Альварес пен Вангелис Павлидистің есімдері қатар тұр.

Испаниялық AS басылымының мәліметінше, каталондық «Барселона» шабуыл шебін күшейту мақсатында португалиялық «Бенфиканың» шабуылшысы Вангелис Павлидисті өз үміткерлерінің қатарына қосты.

​Грекиялық сұрмерген клуб үшін қосалқы жоспар саналады. Өйткені каталондықтардың басты мақсаты — мадридтік «Атлетиконың» шабуылшысы Хулиан Альваресті өз сапына қосу. Егер аргентиналық жұлдыздың трансфері сәтсіз аяқталса, клуб Павлидиске назар аудармақ.

​«Барселонаның» спорттық директоры Деку және оның командасы 27 жастағы форвардтың ойынын жіті бақылап отыр. Алайда, бұл трансфердің жүзеге асуы Ферран Торрестің болашағына да тікелей байланысты. Қазіргі таңда клуб басшылығы испаниялық шабуылшымен келісімшартты ұзартуды жоспарлауда.

​AS басылымы атап өткендей, «Бенфикамен» ортақ мәмілеге келу оңайға соқпайды. Лиссабондық клуб өз көшбасшыларының бірін сатуға құлықты емес. Вангелис Павлидистің португалиялық ұжыммен келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін жарамды.

​Transfermarkt порталы грек футболшысының нарықтағы құнын 28 миллион еуроға бағалап отыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен маусымда ол барлық турнирлерде 53 матчқа қатысып, 30 гол соқты және 6 нәтижелі пас берді.