Q Football

Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен тең ойыннан кейін ФИФА рейтингінде бір саты төмендеді

Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен тең ойыннан кейін ФИФА рейтингінде бір саты төмендеді

Ұлттық команданы Индонезия басып озды, екі құраманың арасы ширек балға да жетпейді.

Ұлттар лигасының С3 тобындағы төртінші турда өз алаңында Фарер аралдарымен тең түскен (2:2) Қазақстан құрамасы ФИФА-ның live-рейтингінде бір орынға сырғыды. Команда 116-орыннан 117-орынға түсті.

6 қазанда өткен осы кездесудің нәтижесінде қазақстандықтар 0,39 балл жоғалтып, қазір олардың есебінде 1166,26 балл бар. Бұған дейін, 2 қазанда Молдовадан жеңілгеннен кейін (1:2), құраманың қорында 1166,65 балл болған еді.

116-орынға 1166,50 балл жинаған Индонезия көтерілді. Екі команданың айырмашылығы небәрі 0,24 балл.

Ұлттар лигасының биылғы маусымында Қазақстан құрамасы төрт матч өткізіп, екі ұпай жинады: екі рет тең ойнап, екі рет жеңіліп қалды. Топтық кезеңнің қалған кездесулері қараша айында өтеді. Қазақстандықтар 13 қарашада сырт алаңда Молдовамен ойнап, 16 қарашада өз алаңында Словакияны қабылдайды.