Дереккөздің жазуынша, «шпорлардың» қыстағы басты трансферлік мақсаты - жаңа шабуылшы. Клуб басшылығы дәл осы позицияны күшейтуді ең өзекті міндет санап, қомақты қаржыны форвард іздеуге бағыттауды жоспарлайды.
Сонымен бірге команда Ким Мин Дже төңірегіндегі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Корей қорғаушы бұған дейін «Тоттенхэмнің» ықтимал нысаналары қатарында аталғанымен, оның қыста Лондонға ауысуы әзірге шынайы сценарий ретінде қарастырылмайды.
Ким Мин Дже мәселесі келесі жазда қайта көтерілуі мүмкін. «Тоттенхэм» 29 жастағы орталық қорғаушыға қызығушылығын толық тоқтатпаған, бірақ қазіргі жағдайда оны алу үшін бюджетінің қомақты бөлігін бөлуге дайын емес.
Қаңтарда клубтың сақ қимылдауына өткен жаздағы ауқымды трансферлік науқан да әсер етіп отыр. Football Insider дерегінше, «Тоттенхэм» жаңа ойыншыларға 300 миллион фунттан астам қаржы жұмсаған, сондықтан қысқы терезеде шығынды шектеуді жоспарлайды.
