Минас-Жерайс штатындағы жастар біріншілігінің екінші дивизионында (U-20) өткен «Уберландия» - «Маморе» кездесуі алаңнан қуу саны бойынша әлем футболы тарихындағы ең ірі оқиғалардың біріне айналды. Ойынның бас төрешісі Фернанду Патрик Модесто жаппай төбелестен кейін матчқа қатысы бар адамдарға 51 қызыл қағаз көрсетіп, жаңа әлемдік рекорд тіркеді.
Жанжал екінші таймда басталды. 54-минутта төреші ойыннан тыс эпизодта қарсыласын іш тұсынан ұрды деп «Уберландия» ойыншысы Луике Биспо дос Сантосқа қызыл қағаз көрсетті. Осы шешімнен кейін «Уберландияның» бапкерлер штабы мен клуб басшылығы алаңға жүгіріп шығып, төрешіні күш қолданамыз деп қорқыта бастаған.
Үзілістен соң матчты қайта жалғастыруға мүмкіндік туғанымен, көп ұзамай жағдай қайта ушықты. 56-минутта «Маморе» сапындағы Дави Фернандеш Биттенкурт үшінші голды соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. Ол голын «Уберландияның» қосалқы құрамының орындықтарының дәл алдында қарсыластарын арандатып, айқайлап атап өткен.
Осы сәттен кейін жаппай төбелес тұтанды. Қақтығысқа алаңдағы және қосалқыдағы футболшылар, бапкерлер, екі клубтың қызметкерлері, сондай-ақ доп беріп тұрған алты бала да араласқан. «О Темпо» мәліметінше, төбелес шамамен 40 минутқа созылып, қатысушылар жұдырықтасумен ғана шектелмей, пластик орындықтар мен қолына түскен басқа да заттарды қолданған. Тәртіпсіздік кезінде стадион мен трибуна астындағы бөлмелерге едәуір зақым келіп, жағдайды әскери полиция жасағы араласқаннан кейін ғана бақылауға алған.
Нәтижесінде матч мерзімінен бұрын тоқтатылды. Төреші Фернанду Патрик Модесто қорытынды рапортында 51 қызыл қағазды көрсетті: 43 футболшы және екі команданың бапкерлер штабы мен персоналынан 8 өкіл алаңнан қуылған. Сонымен қатар екі клубқа да техникалық жеңіліс жазылды.
Бұл көрсеткіш бір матчтағы қызыл қағаз саны бойынша бұрынғы әлемдік антирекордтан да асып түсті. Бұған дейінгі рекорд 2011 жылдың ақпанынан бері тұрған: Аргентина чемпионатының бесінші дивизионында «Клейполе» мен «Викториано Аренас» ойынында төреші 36 қызыл қағаз көрсеткен еді.
