Q Football

Андорра қақпашысы Тенерифе шабуылшысымен болған өлімге әкелген соқтығыс туралы пікір білдірді, полиция абайсызда кісі өлтіруді тергеп жатыр

Андорра қақпашысы Тенерифе шабуылшысымен болған өлімге әкелген соқтығыс туралы пікір білдірді, полиция абайсызда кісі өлтіруді тергеп жатыр

Қақпашы Хесус Овоно Испанияның екінші дивизионы матчындағы өлімге әкелген ойын эпизодынан кейін ресми мәлімдеме жариялады, ол 30 жастағы шабуылшы Хесус де Мигельдің өмірін қиды.

Қайғылы эпизод қосымша уақыттың жетінші минутында, есеп 2:2 болып тұрған сәтте болды. Овоно ұзын пасты тоқтату үшін айып алаңынан шығып, орталық шеңберге қарай ұмтылғанда секіріс үстінде тізесімен Де Мигельге соғылған. Шабуылшы «Элиодоро Родригес Лопес» стадионының көгалында бірден есінен танып құлаған. Дәрігерлер алаңда шұғыл көмек көрсетіп, футболшыны ауруханаға жеткізді, бірақ оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ал Овоно ереже бұзғаны үшін алаңнан қуылып, матч толық тоқтатылды.

Оқиғадан кейін Овоно Инстаграмдағы 30 мыңнан астам жазылушысы бар парақшасын өшіріп, команданың сәрсенбідегі жаттығуына бармады. Сол жаттығу бір минут үнсіздікпен басталған. Қақпашы көпшілікке клубтың ресми баспасөз қызметі арқылы мәлімдеме жасады.

«Бұл - өмірімдегі ең ауыр күндер. Сөз табу қиын, болған жайтпен келісу одан да қиын. Хесусты жоғалтқанымыз жанымды қатты ауыртады. Оны, оның отбасын және оны жақсы көрген жандардың бәрін ойлап отырмын. Алда жауап табуды қажет ететін сұрақ көп болатынын білемін, мен бәріне барынша құрметпен қараймын. Бірақ дәл қазір, шынымды айтсам, Хесус пен бәріміз бастан өткеріп жатқан қайғыдан басқа ештеңе ойлай алмаймын. Жаның жәннатта болсын, Хесус», - делінген Овононың мәлімдемесінде.

Қазір Испания полициясы ықтимал абайсызда адам өлтіру дерегі бойынша ресми тергеуді бастап кетті. Ел заңнамасына сәйкес, табиғи емес өлімнің кез келген түрі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін автоматты түрде сотқа дейінгі тексеріске ұласады.

Овононы әріптестері мен футбол функционерлері де қолдап шықты. «Андорраның» орталық қорғаушысы Лаутаро Спатц әлеуметтік желіде қақпашының қатты есеңгіреп қалғанын айтып, оның ешқашан әдейі біреуге зиян келтірмейтінін атап өтті. Экваторлық Гвинея футбол федерациясының президенті Венансио Томас Миха да ұлттық құрама сапында 47 матч өткізген голкиперге толық адами әрі құқықтық қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, ойыншыны бұл қасіретті оқиғаның еріксіз басты кейіпкері деп атады.

Осы уақытта Еуропада марқұм Хесус де Мигельдің рухына тағзым жалғасып жатыр: осы аптадағы еуропалық турнирлердің барлық матчтары бір минут үнсіздікпен басталып жатыр. «Тенерифеде» алты күндік аза жарияланды, сенбі күні клуб ойыншымен қоштасу үшін өз стадионын ашады. Жерлеу рәсімі Наваэрмос қаласында (Толедо провинциясы) өтеді.

Сондай-ақ чемпионаттағы «Тенерифе» мен «Андорраның» «Гранада» және «Мальорка» клубтарына қарсы алдағы ойындары ресми түрде кейінге шегерілді.