Балеба жарақатты сейсенбі күні «Олд Траффордта» өткен «Ромаға» қарсы ойында бірінші таймда алған. Сол кездесуде манчестерліктер жігерлі камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алайда хавбек алаңнан ақсап шықты, дәрігерлер көмек көрсетіп жатқанда көз жасын тыя алмағаны да байқалды.
Жұма күнгі баспасөз мәслихатында Каррик өткен жазда «Брайтоннан» 70 миллион фунт стерлингке келген футболшының жағдайына қатысты болжам көңіл көншітпейтінін жеткізді. Бапкердің айтуынша, Балеба қарашадағы ұлттық құрамалар матчтарына арналған халықаралық үзілістен кейін бірден орала алмайды.
«Әзірге нақты мерзімін білмейміз, бірақ қалпына келуі бірнеше аптаға созылады. Ол бұл демалыста ойнамайды және ұлттық құрамалар ойындары кезіндегі үзілісте де үлгермейді - процесс сәл ұзағырақ болады», - деді Каррик.
Команданың орталық аймақтағы негізгі ойыншысынан айырылу «Романы» ұтқан көптен күткен жеңістің әсерін де бәсеңдетті. Дәл осы нәтиже «Юнайтедке» тоғыз матчқа созылған жеңіссіз серияны тоқтатуға мүмкіндік берді. Соған қарамастан, 45 жастағы маман бір жеңіске масайрамауға шақырды: қазір Англия Премьер-лигасының турнирлік кестесінде «Манчестер Юнайтед» құлау аймағының дәл үстінде тұр.
Каррик сейсенбідегі табыс жексенбі күні өтетін «Астон Виллаға» қарсы үй матчына дейін дағдарыстан шығудың тек бастау нүктесі болуы керегін атап өтті.
«Енді бәрі өзімізге байланысты және осы табысты қалай жалғастыра алатынымызға тіреледі. Бұл керемет кеш болды - команда үшін де, жанкүйерлер үшін де: олар ақыры қайтадан жеңістің дәмін сезінді. Бірақ жалпы алғанда әлі ештеңе ұтқан жоқпыз. Бұл - алға жылжу үшін пайдаланып қалуға міндетті бір ғана эпизод. Қарқын қосып, ілгері басуымыз керек, өйткені бізге бұдан әлдеқайда көбірек қажет», - деп түйіндеді маман.
Еске салайық, бұған дейін «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкерлік қызметіне қатысты Дешаммен келіссөз жүргізгені белгілі болған еді.
