Q Football

Чалханоглу «Интер» жанкүйерлерін сабырға шақырды

Чалханоглу «Интер» жанкүйерлерін сабырға шақырды
Gazzetta Dello Sport

Түркиялық жартылай қорғаушы клубтан кетуі мүмкін деген қауесеттерді растаған жоқ.

А Сериясында «Комоны» жеңген матчтан кейін Хакан «Интердегі» жағдайы туралы айтып, жаңа келісімшартқа қатысты алаңдаушылықты басуға тырысты.

Футболшы ешқандай дүрбелеңге негіз жоқ екенін айтып, бұл мәселені ушықтырмауға шақырды.

«Мен сабырлымын, өз жұмысымды атқарып жүрмін, командаластарымды жақсы көремін. Мұнда жүргеніме бес жыл болды, бірге көптеген жүлде жеңіп алдық. Бізде бәрі тыныш, ал ары қарай не болатынын уақыт көрсетеді. Мұншалықты шу көтерудің қажеті жоқ, сабыр сақтаңыздар», — деді Чалханоглу.

Жартылай қорғаушы клубтағы жағдайдың қалыпты екенін бірнеше рет қайталап атап өтті.

Соған қарамастан футболшының болашағына қатысты әңгімелер толастар емес. Оның келісімшарты 2027 жылдың 30 маусымында аяқталады. Бұл — «Интер» құрамындағы дәл осы мерзімде аяқталатын жалғыз келісімшарт.