Q Football

«Барселона» қысқы трансферде орталық қорғаушы үшін қомақты қаржы жұмсауға дайын

«Барселона» қысқы трансферде орталық қорғаушы үшін қомақты қаржы жұмсауға дайын
The Athletic

Каталондық клуб жоғары деңгейлі футболшыны қатарға қосуды көздеп отыр.

Ханс-Дитер Фликтің жетекшілігімен «Барселона» қайтадан қарқын алғанымен, неміс маманы жұлдызды құрамды одан әрі күшейтудің жолдарын іздеп жүр. The Athletic мәліметінше, клуб алдағы қысқы трансферлік кезеңде міндетті түрде сол аяқпен ойнайтын орталық қорғаушыны сатып алуды жоспарлап отыр.

Мұндай шешімге өткен аптадағы кадрлық қиындықтар әсер еткен. Қорғаныстың ортасында ойнай алатын Андреас Кристенсен, Эрик Гарсия, Жюль Кунде және Хави Эспарт жарақат алғандықтан, Флик бұл позицияда жартылай қорғаушы Френки де Йонгты пайдалануға мәжбүр болды.

Жағдайды Рональд Араухоның болашағы да күрделендіріп отыр. Жазда каталондықтар уругвайлық қорғаушыны «Ливерпульге» жалға берген болатын. Енді мерсисайдтықтар футболшыны қайтармай, қаңтар айында толық сатып алуы мүмкін.

Бұған дейін «Барселонаның» «Бавария» қорғаушысы Джонатан Тауға қызығушылық танытқаны хабарланған еді. Алайда The Athletic каталондықтардың трансферлік мақсаттары қатарында «Интердің» ойыншысы Алессандро Бастони мен «Манчестер Ситидің» қорғаушысы Йошко Гвардиолды да атайды.

Дегенмен бұл футболшылардың барлығы өте қымбатқа түсуі мүмкін. Ла Лига чемпиондарына олардың бірін сатып алу үшін кемінде 70–80 миллион еуро жұмсауға тура келеді.

Материалда қолжетімдірек нұсқа ретінде «Манчестер Юнайтедтің» қорғаушысы Лисандро Мартинес аталады. Аргентиналық футболшының «Олд Траффордтағы» келісімшартының аяқталуына бір жыл қалған және оның клубтан кеткісі келетіні айтылады.

Сонымен қатар Sports Illustrated «Барселонаның» ықтимал трансферлік нысаналарының тізімін кеңейтті. Жоғарыда аталған футболшылардан бөлек, каталондықтардың назарына «Арсеналдың» қорғаушысы Пьеро Инкапье, «Аякстың» ойыншысы Юри Баас және «РБ Лейпцигтің» қорғаушысы Кастелло Лукеба іліккен.