Өткен жексенбіде «Барселона» «Вильярреалдан» 2:3 есебімен жеңілді. Кездесудегі ең көп талқыланған оқиғалардың бірі 74-минутта Фермин Лопестің алаңнан қуылуы болды. Матчтың Канар аралдарынан келген бас төрешісі Алехандро Хосе Эрнандестің ресми хаттамасына сәйкес, жартылай қорғаушы қосалқы ойыншылар орындығынан тұрып, төртінші төрешіге тақап барғаны және «Маған тиіспе!» деген сөзді бірнеше рет қайталап, наразылығын дауыстап білдіргені үшін қызыл қағаз алды. Төреші рапортында футболшыға қағаз көрсетіліп үлгермей тұрып оның алаңнан кетіп, киім ауыстыратын бөлмеге бет алғанын да тіркеді. Бұл жайт оқиғаны түсіндіруді қосымша қиындатты.
Каталониялық клуб ішіндегі дереккөздің Mundo Deportivo басылымына хабарлауынша, «Барселона» ойыншы қосалқы төрешіні тікелей қорлаған жоқ деп сендіреді. Сейсенбіде берілетін ресми наразылық шағымында клуб футболшының эмоциялық әрекетін каталониялықтар 0:2 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіруге тырысқан ойынның жоғары ширығуымен түсіндіреді. «Көк-анар түстілер» Лопестің әрекеті басқа тәртіптік бап бойынша қайта сараланып, дисквалификация мерзімін бір матчқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Ал AS газетінің және Cadena SER радиостанциясының төрешілік жөніндегі сарапшысы Эдуардо Итурральде Гонсалес қосалқы ойыншылар орындығынан наразылық білдіргені үшін Ферминге екі матчтық дисквалификация қаупі төніп тұрғанына сенімді. Егер бұл болжам расталса, жартылай қорғаушы «Риасордағы» «Депортивоға» қарсы сырт алаңдағы ойынды ғана емес, «Камп Ноудa» мадридтік «Атлетикоға» қарсы өтетін маңызды үй кездесуін де жіберіп алады.
Жарыстарды өткізу комитетіне жақын дереккөздің мәліметінше, тәртіптік орган төрешінің рапорты мен «Барселонаның» уәждерін мұқият зерделеп, оқиғаның мән-жайын, наразылықтың сипатын және тікелей қорлаудың болмағанын бағалайды. Каталониялықтардың бас бапкері Ханси Флик пен оның штабы Лопестің сапқа тезірек оралуына мүдделі, өйткені жарақаттар мен ойыншы құрамындағы шығындар көбейген тұста чемпионаттағы көшбасшылық үшін күресте командаға әр ойыншы қажет. Комитеттің түпкілікті шешімі алдағы күндері шығарылады.
