Канаданың Иммиграция, босқындар және азаматтық министрлігінің (IRCC) мәліметінше, 2026 жылғы әлем чемпионатының матчтарына баруды жоспарлаған 20 845 жанкүйерге виза берілмеген. Сонымен қатар 26 111 адамға виза рәсімделсе, электронды кіруге рұқсаттың (eTA) 205 өтініші мақұлданбаған.
Ең көп бас тарту Гана азаматтарына қатысты тіркелді — 3 135 адам. Сондай-ақ Пәкістаннан (2,2 мың), Үндістаннан (2 мың), Нигериядан (2 мың), Колумбиядан (815) және Бангладештен (805) келген өтініштердің едәуір бөлігі кері қайтарылған. Ал ФИФА шақырған 2 795 адамның, соның ішінде төрешілер мен ұйым қызметкерлерінің барлығы виза алған. Сонымен бірге Швейцария құрамасының 210 жанкүйеріне де eTA толық мақұлданған.
Бұдан бөлек, жанкүйерлік визамен Канадаға кірген 175 адам кейіннен босқын мәртебесін сұрап өтініш берген. Ел билігі бұған дейін матчқа билет болуы виза алуға кепілдік бермейтінін және әлем чемпионатына қатысу босқын мәртебесін алу үшін негіз болмайтынын бірнеше рет ескерткен.
