Тергеуді шілде айында Өкілдер палатасының сот жүйесі жөніндегі комитеті бастаған. Аралық сайлаудан кейін Демократиялық партия Өкілдер палатасындағы бақылауды өз қолына алған, бұл құжат сұрату мен тыңдаулар өткізу мүмкіндігін арттыруы ықтимал.
Бұл істегі негізгі тұлғалардың бірі ретінде демократ Джейми Раскин аталады. Қаңтарда ол тиісті комитетке жетекшілік етуі мүмкін, ал бұл оған Инфантинодан түсініктеме талап етуге және ФИФА-дан қажетті материалдарды сұратуға өкілет береді.
Заң шығарушылардың назарын аудартқан жайттардың бірі - Инфантиноның Майамидегі үйіндегі үй қызметшісін жұмысқа орналастыру мәселесіне ықтимал араласуы. «Телеграфтың» мәліметінше, Инфантино Трамппен байланыс орнатуға көмектескен Карлос Кордейродан әлгі адамға жұмыс істеуге рұқсат алуға жәрдемдесуді сұраған болуы мүмкін. Құжаттарда қызметшінің ФИФА-ның АҚШ-тағы бөлімшесінің жалақы тізіміне қатысы болуы ықтимал екені де көрсетілген. Осыған байланысты ұйымның ресурстары немесе оның қайырымдылық қоры пайдаланылған жоқ па деген сұрақ туындаған.
ФИФА бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ұйым Инфантино үй қызметкерлеріне қатысты шығындарды өз қалтасынан төлейтінін атап өтті, сондай-ақ қызметшінің еңбек жағдайына қатысты қандай да бір талаптардың бұзылғанын да теріске шығарды.
Тергеудің тағы бір бағыты Инфантиноның Трамп отбасымен байланысына қатысты. Атап айтқанда, заң шығарушылар әлем чемпионаты трансляциясы құқықтарының бір бөлігін АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнердің ағасына қатысы бар компанияға сату жөніндегі келіссөздерге қызығушылық танытып отыр. Басылым дерегінше, Конгресте Кушнерлер әулетінің өкілдерін де айғақ беруге шақыру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Ал Дональд Трамптың өзін әзірге жауап алуға шақыру жоспарда жоқ.
Шілде айында Джейми Раскин Инфантиноға хат жолдап, ФИФА-ның Трамппен, оның әкімшілігімен және «Трамп Органайзэйшн» компаниясымен байланысы тексеріліп жатқанын хабарлаған. Қыркүйекте комитет өкілдері федерациядан келген жауаптар оларды толық қанағаттандырмағанын мәлімдеді. Заң шығарушылар ұйымның америкалық президентпен және оның айналасымен коммуникациясына қатысты құжаттарды әлі күнге дейін күтіп отыр.
Қандай қадам жасалатыны жөнінде түпкілікті шешім әзірге қабылданбаған. Комитет өкілі барлық нұсқа қарастырылып жатқанын айтқан. ФИФА болса ынтымақтастыққа дайын екенін және америкалық заң шығарушылармен диалогты жалғастыратынын жеткізді.
Оқиғаға қосымша назар аудартқан тағы бір жайт - ФИФА-ның заң директоры Эмилио Гарсия Сильвероның отставкасы. Ол сегіз жыл қызмет еткеннен кейін лауазымын босатқан, ал «Телеграф» мәліметінше, оның айғақтары да тергеуге қатысушылар үшін қызықты болуы мүмкін.
