Аустралия ұлттық құрамасы мен италиялық «Сассуоло» клубының жартылай қорғаушысы Кристиан Вольпато Сиднейде үлкен даудың ортасында қалды. Полицияның мәліметінше, BMW купесін тізгіндеген 22 жастағы футболшы бір түннің ішінде жылдамдықты қатты асырғаны үшін екі рет тоқтатылған.
Алғашқы оқиға жергілікті уақыт бойынша 23:05-те Анзак көпірінде болған: ойыншы сағатына 60 шақырымдық шектеу бар аймақта 86-94 км/сағ жылдамдықпен жүйткіген. Алкогольге тексеру қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен. Алайда арада екі сағат өткен соң Вольпато дәл сол аумақта қайта ұсталды — бұл жолы көлік жылдамдығы 109 км/сағ-қа жеткен. Есірткіге тексеруді де қамтыған екінші сараптама оның ағзасында кокаин ізі бар болуы мүмкін екенін көрсетті.
Нәтижесінде Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының полициясы футболшыға жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салып, оның халықаралық жүргізуші куәлігін алты айға тоқтатты. Сондай-ақ, ойыншыдан одан әрі зерттеу үшін қайтадан сілекей үлгісі алынды. Аустралия футбол қауымдастығы мен ойыншылар кәсіподағы (PFA) бұл жағдайды бақылауда ұстап, жартылай қорғаушыға қажетті қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Италияның жастар құрамаларында ойнаған Вольпато мамыр айында Аустралия намысын қорғауға шешім қабылдаған болатын. Өткен әлем чемпионатында ол өзінің жаңа ұлттық командасының сапында үш матчқа қатысты. Ал италиялық «Сассуоло» сапында жартылай қорғаушы 2023 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
