Q Football

Инфантино әлем чемпионатындағы үлестерді жеке инвесторларға сатуды жоспарлап отыр. Жоба Трамп әкімшілігіне жақын адамдармен талқыланды

Инфантино әлем чемпионатындағы үлестерді жеке инвесторларға сатуды жоспарлап отыр. Жоба Трамп әкімшілігіне жақын адамдармен талқыланды
©️The Times

«The Times» жазуынша, жоспар аясында ФИФА-ның ерлер мен әйелдер арасындағы негізгі турнирлерін - әлем чемпионатын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын - басқаратын жеке компания құру қарастырылған.

Талқылау процесінен хабардар екі дереккөздің айтуынша, бұл бастама бойынша АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігіне жақын адамдармен де кеңес жүргізілген.

ФИФА Thrive Capital компаниясы инвестициялық топтың жетекшілігін қолға алуы мүмкін екенін растаған. Бұл компанияны Джошуа Кушнер құрған. Ол - Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туған інісі.

Жоба бойынша ФИФА-ға мүше 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына да үлес беріледі. Оның құны шамамен 20 миллион доллар болуы ықтимал. Қауымдастықтар үлесті өзінде қалдыруына немесе қосымша табыс табу үшін сатып жіберуіне болады.

Дереккөздердің мәліметінше, қазір 56 жастағы Инфантино соңғы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа компанияға комиссар болып тағайындалмақ. Сонымен бірге ол ФИФА президенті қызметіне баламасыз қайта сайланып, 2031 жылға дейін лауазымында қалады деп күтіледі.