Бұл эпизодта матчтың бас төрешісі Жоау Пиньейру бастапқыда Эмболоға қарсы жасалған фол үшін Леандро Паредеске сары қағаз көрсеткен еді. Бірақ қайталауды көргеннен кейін ол шешімін өзгертіп, аргентиналық ойыншыға берілген ескертуді алып тастады да, Эмболоға симуляция үшін сары қағаз жазды. Бұл швейцариялық шабуылшы үшін кездесудегі екінші сары қағаз болып, нәтижесінде ол алаңнан қуылды.
IFAB дүйсенбі күні жариялаған циркулярында ВАР-дың сары қағазға қатысты жағдайларға араласу шегі нақты түсіндірілген. Құжатта: «Сары қағаз (екінші сары қағаздан басқа жағдайда) тек фол жасаған ойыншыны анықтау мақсатында ғана қайта қаралуы мүмкін. Фолдың өзі қайта қаралмайды және оның бағасы өзгертілмейді», - деп жазылған.
Осы түсіндірмеге сүйенсек, ВАР алаңдағы төрешіге ереже бұзушылықтың сипатын қайта жіктеу жөнінде кеңес бермеуі керек болған. Демек, мұндай жағдайда Эмболо алаңнан қуылмауы тиіс еді.
