Q Football

ФИФА әлем чемпионаттары үшін 4,2 миллиард доллар тартуды жоспарлап отыр

ФИФА әлем чемпионаттары үшін 4,2 миллиард доллар тартуды жоспарлап отыр

Халықаралық футбол федерациясы қазан айына дейін жаңа коммерциялық жоба аясында жеке инвесторлардан 4,2 миллиард доллар алуды көздеп отыр.

Sky Sports News мәліметінше, ФИФА FIFA Forward Enterprise (FFE) атты еншілес компаниясын іске қосуды жеделдеткен. Ұйым инвесторларға компанияның 20 пайыз үлесін 4,2 миллиард долларға сатуды жоспарлап отыр. Ал FFE-нің жалпы құны 20 миллиард долларға бағаланған.

Дереккөздің хабарлауынша, федерация ұлттық қауымдастықтарға құпия таныстырылым өткізген. Алайда ФИФА президенті Джанни Инфантино бұған дейін жоба бойынша консультациялар енді ғана басталғанын айтқан болатын.

Ұйымға мүше қауымдастықтардың қолдауын алу үшін ФИФА бөлінетін 86 миллион доллар қызметкерлердің жалақысын көтеруге және білікті мамандарды тартуға жұмсалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, 211 қауымдастыққа шешім қабылдау үшін 19 қыркүйекке дейін уақыт берілген. Егер олар келісімге қосылмаса, алдағы 12 жылда аталған қаржыландырудан қағылуы ықтимал.

Жобаның ұзақмерзімді табысы ФИФА ұйымдастыратын жарыстардың санын арттыруға байланысты болуы мүмкін. Таныстырылымда FFE болашақта турнирлерді басқаруға, оларды дамытуға және коммерциялық әлеуетін күшейтуге жауапты болатыны айтылған.