«Барселона» ашулы

Каталондықтар қатарынан екі матчта жеңіліс тапты. Алдымен Чемпиондар лигасында ПСЖ-ға, кейін Ла Лигада «Реалға» есе жіберді. Оның үстіне, Ламин Ямаль «Алтын допты» иелене алмады.
Сондықтан «блаугранас» өз жанкүйерлерінің алдында жай ғана жеңіске жетіп қоймай, қарсыласын ойсырата ұтуға тырысады. Каталондықтар бұл кездесуді «Астон Вилла» ұзақ уақыт ұмытпайтындай өткізуді көздейді.
Флик ірі есеппен жеңуге үйренген

«Баварияның» «Барселонаны» 8:2 есебімен тас-талқан еткен тарихи жеңісін ұмыту мүмкін емес. Алайда бұл Ханси Фликтің бапкерлік мансабындағы жалғыз ірі жеңіс емес.
Мәселен, 2020 жылы оның жетекшілігімен мюнхендіктер «Шалькені» 8:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал биыл наурызда неміс маманының басшылығындағы «Барселона» «Ньюкаслға» еш мүмкіндік қалдырмай, 7:2 есебімен басым түсті. Бұл жайт «Астон Вилла» үшін де ескеретін жағдай.
«Барса» — Унаи Эмеридің қорқынышты түсі

«Астон Вилланың» қазіргі бас бапкері Унаи Эмери каталондықтарға қарсы ойында жиі сәтсіздікке ұшырайды. Ол «Барселонаға» қарсы өткізген 30 матчта небәрі екі рет жеңіске жеткен. Тіпті Эмери жетекшілік еткен «ПСЖ» испандық клубты 4:0 есебімен жеңгенімен, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі қарымта кездесуде «Барселона» 6:1 есебімен тарихи жеңіске жетті. Сонымен қатар Эмери «Барселонаға» қарсы сырт алаңда өткізген 15 матчтың 14-інде жеңіліс тапқан.
Каталондықтар статистиканы өзгерткісі келеді

Бір қызығы, «Астон Вилла» — Испанияның қазіргі чемпионына қарсы өзара кездесулерде жақсы көрсеткіш көрсеткен санаулы клубтардың бірі. Командалар арасындағы төрт матчта ағылшындар екі рет жеңіске жетіп, тағы бір кездесуде тең нәтиже тіркелген. Қос команда соңғы рет 1983 жылы кездескен. Сол кезде Бирмингем клубы УЕФА Суперкубогы үшін өткен матчта «Барселонаны» 3:0 есебімен ойсырата жеңген.
«Барселона» — «Астон Вилла» матчының тікелей көрсетілімі 4 қараша күні сағат 01:00-де Qfootball арнасында өтеді.
