Q Football

Луи Саа «Манчестер Юнайтед» басшылығын Кэррикке қолдау көрсетпегені үшін сынады

Луи Саа «Манчестер Юнайтед» басшылығын Кэррикке қолдау көрсетпегені үшін сынады

«Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы шабуылшысы Луи Саа Майкл Кэрриктің бас бапкер қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді. Клуб маманмен ынтымақтастықты тоқтататынын 12 қараша, бейсенбі күні ресми түрде жариялаған болатын. Франциялық футболшының сөзін Sky Sports басылымы келтірді.

«Мұндай жағдайды көру өте ауыр. Дегенмен бұған таңғалған жоқпын. Әсіресе клубтың аңыз ойыншыларының бірі туралы сөз болып отырғаны қынжылтады. Әрине, нәтиже көңіл көншітпеді, ал турнирлік кестедегі орнымыз клубтың деңгейіне сай емес. Өзгеріс қажет болғаны анық, бірақ мұндай шешімді жазда қабылдау керек еді. Басшылықтың Кэррикпен келісімшартты ұзартуға және құрамды сапалы футболшылармен күшейтуге мүмкіндігі болды. Алайда трансфер нарығында дұрыс жұмыс істей алмады.

Клубтың бұрынғы ойыншысы әрі жанкүйері ретінде бұл жағдайға қатты өкінемін. Әр жолы басшылық келесі қадамда дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенесің. Ішкі жағдайдың бәрін білмеймін, бірақ директорлар кеңесі шешім қабылдауға тиіс еді. Оның үстіне бұған дейін де бірнеше маңызды қателік жіберілді. Өткен маусымда команда жақсы ойнады, алайда қазір жағдай мүлде басқа. Чемпиондар лигасында өнер көрсету мүмкіндігі туындағандықтан, чемпионаттың алғашқы турларынан бастап нәтиже көрсету қажет еді. Бірақ олай болмады.

Сол кездің өзінде маусымның оңай болмайтыны байқалған. Мен клуб трансфер нарығында бұрынғы қателіктерді қайталамайды деп үміттендім. Командаға физикалық тұрғыдан мықты шабуылшы немесе әр апта сайын жарақат алып қалмайтын сенімді қорғаушы қажет болды. Мұндай ойыншылар алынбаса, жағдайдың үлкен қиындыққа әкелетіні анық еді. Енді Майкл Кэррикке қажетті футболшылар берілген жағдайда, оның бұл қызметті қаншалықты жақсы атқара алатынын ешқашан біле алмаймыз.

Неге адамдарға адамгершілікпен қарауға болмайды? Әңгіме жай ғана бапкер туралы емес, оның артында да тірі адам тұрғанын ұмытпау керек. Егер маман өзіне қажетті қолдауды сезінбесе, бұл бірден байқалады. Мен Майкл ешқандай қателік жібермеді деп отырған жоқпын. Ол да басқа адамдар секілді қателесуі мүмкін. Бірақ менің ойымша, клуб оған қажетті қолдауды көрсете алмады», — деді Луи Саа.