Q Football

2030 жылғы әлем чемпионаты: Марокконың премьер-министрі футбол басшысына финалға қатысты «уәде беруді тоқтат» деді

2030 жылғы әлем чемпионаты: Марокконың премьер-министрі футбол басшысына финалға қатысты «уәде беруді тоқтат» деді
Getty Images

Лекджааның саяси партиялардың бірінің шарасында Касабланкаға турнирдің шешуші матчын қабылдау «құрметі» бұйыратынын мәлімдеген сөздері бұған түрткі болды

2030 жылғы ерлер арасындағы Әлем чемпионатын Марокко, Испания және Португалия бірлесіп өткізеді. Турнирдің 100 жылдығына байланысты алғашқы үш матч Уругвай, Аргентина және Парагвайда өтеді.

Қазір қабылдайтын стадиондардың алдын ала тізімі ұсынылғанымен, нақты тізім әлі бекітілмеген. Финалдың қай қалада өтетіні де әзірге анықталған жоқ.

Осы тұста Марокко футбол федерациясының (РМФФ) президенті Фаузи Лекжаа саяси партияның Касабланкадағы жиынында финалды қабылдау «құрметі» Касабланкаға бұйыратынын мәлімдеген.

ФИФА бұл мәселеге қатысты қысқа ғана пікір білдіріп, «шешім өз уақытында қабылданады» деп жауап қатты.

Митинг кезінде Марокконың премьер-министрі Азиз Ахенуш Лекжааға финал туралы алдын ала мәлімдеме жасамауды ескертті: «Біз бұл мәселені одақтастарымыз - Испания және Португалиямен әлі талқылап үлгермей жатып, Мароккода үлкен финалды өткізуге ұсыныс айтпаңыз», - деді ол.

Премьер-министр сөзін жалғап: «Құрмет болуы керек, бауырлар. Бізді тығырыққа тіреу үшін сайлауалды уәделерді пайдалануды доғарыңыздар. Бұл - аса ірі мәселе. Финалдың қайда өтетінін шешу - өте маңызды тақырып», - деп қосты.

Ал Испания футбол федерациясының (РФЕФ) президенті Рафаэль Лоусан бұған дейін шешуші матч Испанияда өтуі тиіс екенін айтқан. Оның пікірінше, биыл жазда ерлер арасындағы Әлем чемпионатын екінші мәрте ұтып алғаннан кейін Испанияның уәжі күшейе түскен.

«Әзірге ешқандай шешім қабылданбағанымен, меніңше, ол жер - Испания, өйткені бұдан басқа жол болуы мүмкін емес», - деді Лоусан «Кадена СЕР» радиосына. «Өздеріңіз білесіздер, қазір біз - әлем чемпиондарымыз.

Мен Испанияның ірі шараларды ұйымдастыру әлеуеті талас тудырмайды деп есептеймін. Сондықтан шынайы жағдай ұлы финалдың Испаниядан өзге жерде өтуіне болмайтынын әрі өтпеуі керектігін көрсетеді».

Айта кетейік, Испания биылғы Әлем чемпионатының финалында шілде айында Аргентинаны жеңген. Дегенмен финал өтетін қала - Нью-Джерси - тек 2024 жылдың ақпанында, яғни турнир басталуына екі жыл қалғанда ғана нақтыланған еді.

Инфрақұрылымға келсек, Марокко 115 000 орындық стадион салуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, бұл арена әлемдегі ең үлкен футбол стадионына айналуы мүмкін.

Испанияда «Реал Мадридтің» «Бернабеу» стадионы жуырда жаңғыртылып, қазір 83 000 көрерменді сыйдырады. Ал «Барселонаның» «Спотифай Камп Ноу» аренасы жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң 105 000 орынға дейін ұлғаяды.