«Бавария» Чемпиондар лигасының жаңабасы — ставангерлік «Викингпен» 3:3 есебімен тең түсті. Мюнхендіктер бірінші таймнан кейін 0:2 есебімен ұтылып жатып, алға шыға алды, бірақ 74-минутта Майкл Олисе алаңнан қуылғаннан кейін финалдық ысқырыққа аз уақыт қалғанда гол жіберіп, жеңісті қолдан шығарды.
Олисе екінші сары қағазды тартыстан кейін ашуға бой алдырып, норвегиялықтардың капитаны Златко Трипичтің басына доп лақтырғаны үшін алды.
«Бұл қызыл қағаз — нағыз ақымақтық. Біз бұл туралы ашық айттық. Майкл өзін жақсырақ ұстауы керек, ол мұны біледі. Команданы қиын жағдайда қалдырғанына өкінетіні байқалды. Бүгін финал да, жартылай финал да емес еді, бірақ дәл осындай сәттер маусымда шешуші рөл атқарады», — деді Венсан Компани Prime Video эфирінде.
Бапкер бұл эпизодта қарсыластың өз шәкіртінен айлалы болғанын да қосты.
«Майклға оныншы нөмірдің айлалырақ болып шыққанын айттым. Бұл кейін «осыдан сабақ алып, күшейе түстік» деп еске алатын сәттердің бірі болады деп үміттенемін», — деді бельгиялық маман.
Матчта дубль жасаған Гарри Кейн де сын айтты.
«Майкл қатты күйзеліп отыр, бірақ жауапкершілікті мойнына алып, осыдан сабақ алуы керек. Алда бізді Чемпиондар лигасындағы ірі матчтар күтіп тұр. Бұл ойындарды өткізіп алатыны оны қатты қынжылтады, бірақ футбол деген осы», — деді шабуылшы.
Дисквалификацияға байланысты Олисе келесі турда Англия чемпионы «Арсеналға» қарсы матчқа шыға алмайды.
