УЕФА 2027/28 маусымына арналған еурокубоктарда елдерге берілетін орындардың алдын ала бөлінісін жариялады. Тізімде басқа мемлекеттермен бірге Ресей де аталды.
Құжаттағы мәліметке сүйенсек, ресейлік клубтарға халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат берілген жағдайда, ел еурокубоктарда төрт квотаға ие болады. Ресей чемпионы Чемпиондар лигасына бірінші іріктеу кезеңінен қосылады. Ресей кубогының жеңімпазы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінен бастау мүмкіндігін алады. Ал Ресей чемпионатында екінші және үшінші орын алған командалар Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінен жарысқа кіріседі.
Сонымен бірге УЕФА бұл бөліністің алдын ала нұсқа екенін атап өтеді. Ресейдің құжатта көрсетілуі оның клубтары УЕФА турнирлеріне автоматты түрде қайта оралады дегенді білдірмейді: ресейлік командалар әлі де шеттетілген, ал 2027/28 маусымындағы қатысу санкциялар алынған жағдайда ғана мүмкін.
Ресей клубтары мен ұлттық құрамалары 2022 жылы УЕФА мен ФИФА шешімімен турнирлерден шеттетілді. Бұл шешім Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығы басталғаннан кейін қабылданған. Содан бері ресейлік командалар еурокубоктарға қатыспайды, ал ұлттық құрама бірқатар халықаралық жарыстарды өткізіп алды.
