Q Football

Магомед Адиев Қазақстан құрамасының нәтижелері мен әлеуеті туралы пікір білдірді

Магомед Адиев Қазақстан құрамасының нәтижелері мен әлеуеті туралы пікір білдірді
Akhmat

Ұлттық құрама 2026/27 жылғы маусымдағы Ұлттар лигасын сәтсіз бастады

Төрт турдан кейін Джон ван’т Схип баптайтын Қазақстан құрамасы Словакия, Фарер аралдары және Молдова ойнайтын топта соңғы орынға түсті. Ұлттық команда словактар мен молдовандардан екі мәрте жеңіліп, Фарер құрамасымен екі ойынның да тең нәтижесіне тоқтады.

Осы жағдайға байланысты Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Мағомед Адиев ұлттық команданың қазіргі көрсеткіші, құлдыраудың себептері және Қазақстанға қайта оралу ықтималдығы туралы пікірін айтты.

Адиевтің сөзінше, қазір ол үйде, отбасымен бірге уақыт өткізіп жүр, футболды тұрақты қарайды және матчтарға барып тұрады. «Кейде түрлі бағдарламаларға шақырса, қатысамын. Жалпы, футболдан алыстап кеткен жоқпын деуге болады», - деді маман.

Бапкерлікке қайта оралу жоспарына тоқталған Адиев жазда үзіліс алуды шешкенін, бірнеше ай демалғанын және енді жұмысқа кірісуге ниеті барын жеткізді. Оның айтуынша, «Крылья Советовтан» кейін шаршаңқылық сезілген, ал қазір күш жинап, энергиясы артқан. «Жаңа жылға дейін-ақ жұмысқа кірісемін деп үміттенемін», - деді ол.

Қазақстан футболын бақылап отыратынын айтқан маман бұл елдің өзіне жақын екенін атап өтті: «Мұнда өзім де ойнадым, бапкер ретінде Қарағандыда да, құрамада да жұмыс істедім. Сондықтан, әрине, бақылап отырамын...»

Ұлттық құраманың соңғы нәтижелеріне баға берген Адиев мұндай көрсеткіш ешкімді қуанта алмайтынын жасырмады. «Өйткені бұл Ұлттар лигасынан күткен үміттің қандай болғанын білемін. Бірақ, өкінішке қарай, нәтиже жағынан құрама бәріміз күткен деңгейде жауап бере алмады», - деді ол.

Нәтиженің төмендеу себептері туралы сұраққа Адиев өз штабы жұмыс істеген екі жылда құрама Еуропада бәсекеге қабілетті болғанын еске салды. Сонымен бірге ол қарсыластардың да өсіп келе жатқанын, тактикалық тұрғыдан күшейгенін атап өтті. «Сондықтан ұпай алу әлдеқайда қиынға соғып жатыр», - деді маман. Оның айтуынша, бұрынғы кезеңде құрама екі жыл бойы ірі құрамалармен тайталасып, үлкен турнирге бір қадам жетпей тоқтаған, ал мұндай табыстан кейін құлдырау болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Дегенмен Адиев қазіргі жағдайды ұзаққа созылған дағдарысқа теңеді: «Төрт жыл өтті, ал біз әлі күткен нәтижеге жете алмай келеміз».

Жастар құрамасының Еуро-2027 іріктеуіндегі сәтсіздігіне қатысты Адиев Федерациядағы қазіргі ахуалды нақты білмейтінін айтты. Ол Әділет Барменқұловпен бірге жұмыс істеген кезеңде негізгі командадан бастап жасөспірімдерге дейін жүйе құрылғанын, әр бағытқа жауапты адамдар болғанын жеткізді. «Меніңше, Барменқұлов қалыптастырған сол жүйе бізге өз нәтижесін берді», - деді ол. Адиев Қазақстанда жаман емес ойыншы буыны өсіп келе жатқанын, жастар деңгейіндегі жұмыстың да біртіндеп жемісін беріп жатқанын атап өтті. Бірақ жастар құрамасының қазіргі нәтижесін өкінішті деп бағалап, Федерацияға «терең әрі ауқымды талдау жасап», себептерін анықтауды ұсынды.

Өзі кеткеннен кейін Қазақстан құрамасымен келіссөз жүріп жатыр деген ақпаратқа Адиев нақты келіссөз процесі болмағанын меңзеді. «Федерациямен келіссөз процесінде менде нақты бір айқындық болған жоқ», - деді ол. Сонымен қатар Қазақстан клубтарымен сөйлесулер болғанын, бірақ ортақ мәмілеге келе алмағанын айтты. Соған қарамастан, маман Қазақстанға қайта келу мүмкіндігін жоққа шығармады: «Сондықтан бапкер ретінде маған қызық болатын ұсыныстар түссе және клубтарға Адиев деген бапкер қажет болса, Қазақстанға қайта оралуым әбден мүмкін».

Ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне қайта келу жайлы сұраққа Адиев қысқа жауап берді: «Ол жаққа қайта баруым үшін Федерацияның қалауы керек (күледі)».

Қазіргі құраманың әлеуетін бағалаған ол мүмкіндіктің жаман емес екенін айтты. Адиевтің пікірінше, жақсы жас буын өсіп шыққан, әсіресе шабуыл шебінде. Ол бұл жолы жаңа бас бапкерге барлық мықтыларды жинау мүмкін болмағанын да атап өтті: Чесноков, Зайнутдинов, Сәтпаев, Самородов жарақаттарына байланысты қолжетімсіз болған. «Олар қайта қатарға қосылса, шабуылдағы нұсқалар айтарлықтай көбейеді», - деді ол.

Самородовтың соңғы ойында алаңға шығуын Адиев құраманың шабуылына басқа реңк берген фактор ретінде бағалады: «Самородовтың соңғы ойында алаңға шығуы оның құраманың көшбасшыларының бірі екенін көрсетті, шабуылда мүлде басқа ойын пайда болды».

Ван’т Схип енгізіп жатқан ойын стиліне қатысты Адиев: «Ван’т Схип қалыптастырып жатқан голландиялық футбол маған қызық көрінеді», - деді. Алайда ол Қазақстан құрамасы үшін физикалық дайындық пен эмоциялық құрамдастың маңызын ерекше атап өтті: «Құрамада осы екеуі тиісті деңгейде болса, нәтиже де болады. Бапкерлер штабы бұл қырларға ерекше назар аударуы тиіс».

Сондай-ақ Адиев бұрынғы құрамадан қалған тәжірибелі ойыншылардың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, Әліп, Қуат, Вороговский секілді көшбасшылар дәл осындай ірі матчтарда жауапкершілікті өз мойнына алып, өздерін ең жақсы қырынан көрсетуі керек. «Шешуші ойындарға тәжірибелі лидерлеріміздің қалай дайын келуі көп нәрсені анықтайды...», - деп түйіндеді ол.