Q Football

«Астана Аренада» УЕФА Суперкубогын өткізу үшін жасанды төсенішті ауыстыру қажет

«Астана Аренада» УЕФА Суперкубогын өткізу үшін жасанды төсенішті ауыстыру қажет

ҚФФ халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Аян Әлжанов 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы алдында стадионда қандай өзгерістер қажет болатынын айтты.

Оның сөзінше, «Астана Арена» УЕФА-ның төртінші санатына ие және бұған дейін Қазақстан құрамасы мен Чемпиондар лигасының матчтарын қабылдаған. Алайда Суперкубокқа қойылатын талаптар жоғарырақ болады.

«Белгілі бір кемшіліктер бар. Суперкубоктың деңгейі бұған дейін «Астана Аренада» өткен матчтардан жоғары. УЕФА мамандары келіп, инспекция жүргізіп, бәрін тексереді», — деді Әлжанов «Қазақстан ТВ» эфирінде.

Басты өзгеріс алаң төсенішіне қатысты болмақ.

«Ең маңыздысы — газонды ауыстыру қажет. УЕФА талаптарына сәйкес мұндай матчтар тек табиғи алаңда өткізіледі. Қазір «Астана Аренада» жасанды төсеніш бар», — деді ҚФФ өкілі.

Әлжанов техникалық тұрғыдан табиғи газонға көшуге мүмкіндік бар екенін атап өтті. Федерация бұл мәселені стадион басшылығымен және қала әкімдігімен талқылап жатыр.

«Астана Арена» 2028 жылғы УЕФА Суперкубогын қабылдайтыны 15 қыркүйекте Салоникиде өткен УЕФА атқарушы комитетінің отырысынан кейін ресми түрде жарияланған.