Алессандро Бастони өткен жазда трансфер нарығында ең көп талқыланған қорғаушылардың бірі болды. Оның есімі қорғанысын күшейтуді жоспарлаған «Барселонамен» байланысты айтылды. Алайда каталониялық клуб басқа позицияларға басымдық беріп, орталық қорғаушы алмады.
Sport мәліметінше, Бастони «Барселонаның» басты нұсқаларының бірі болған. Италиялық футболшы ойын сапасымен қатар, Ханси Флик ұстанатын футбол стиліне де сәйкес келген. Соған қарамастан трансфер жүзеге аспай, каталониялық басылым бұл жағдайды «жіберіп алған мүмкіндік» деп бағалады.
Бастониге «Реал» да қызығушылық танытқан, бірақ ресми ұсыныс жасалмады. Ал «Интер» негізгі қорғаушыларының бірін шамамен 80 миллион еуродан аз сомаға жіберуге дайын болмады.
Қазір Бастони алаңдағы ойынымен жоғары деңгейін дәлелдеп жүр. Ол миландық клубтың қорғанысындағы негізгі ойыншылардың бірі болып қала берді. Сонымен қатар шабуылдарды бастап, қорғанысты ұйымдастыруға белсенді қатысады.
Қорғаушының Италия құрамасындағы ойыны да ерекше назар аудартады. Қазіргі халықаралық үзіліс кезінде Бастони қатарынан екі матчта гол соқты. Алдымен Түркияға қарсы ойында (4:1) көзге түссе, кейін Францияға қарсы кездесуде Италияға 1:1 есебіндегі тең нәтижені сыйлаған голды соқты.
Гол соғу Бастонидің басты ерекшелігі емес еді. Өткен маусымда ол «Интер» сапында 40 матчта небәрі екі гол соққан. Алайда осы маусымның басында қорғаушы шабуылға жиірек қосылып, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсіп жүр.
