Q Football

Түркияда төрешілер комитетінің басшысы жемқорлық ісі бойынша қамауға алынды

Түркияда төрешілер комитетінің басшысы жемқорлық ісі бойынша қамауға алынды

Ферхат Гюндогду төрешілерді тағайындау және бағалау үдерістеріне араласты деген күдікке ілінді.

Түркиядағы төрешілер комитетінің басшысы Ферхат Гюндогду ықтимал жемқорлыққа қатысты тергеу аясында қамауға алынды. Бұл туралы Anadolu мемлекеттік агенттігі хабарлады.

Гюндогдумен бірге тағы алты адам сот алдына жеткізілді. Оларға төрешілер рейтингі, матчтарға тағайындау, бағалау рәсімдері және аттестациялық емтихандарға қатысты үдерістерді бұрмалады деген күдік келтіріліп отыр. Сот бес күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім қабылдаса, тағы екеуі белгілі бір шарттармен босатылды.

Күдіктілер сейсенбі күні Түркияның төрт провинциясында жүргізілген арнайы операция барысында ұсталған. Елдің әділет министрі Акин Гюрлек күдіктілердің үйлері, жұмыс орындары мен кеңселерінде тінту жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, билік түрік футболына деген сенімді қалпына келтіруге ниетті.

Бұл тергеу бәс тігуге қатысты тағы бір іске байланысты жүргізіліп жатыр. Бейсенбі күні Түркия футбол федерациясы (TFF) 448 клуб қызметкерінің ісін тәртіптік комитетке жіберді.

Тізімге түркиялық жетекші клубтардың өкілдері кірген. Олардың арасында «Трабзонспордың» президенті, «Бешикташтың» вице-президенті, «Галатасарайдың» бірнеше қазіргі және бұрынғы өкілі, сондай-ақ «Фенербахченің» үш бұрынғы қызметкері бар.

TFF сонымен қатар былтырғы төрешілер дауына тоқталды. Сол кезде 149 төрешіге өздеріне салынған тыйымға қарамастан матчтарға бәс тіккен деген айып тағылып, олар сегіз айдан 12 айға дейінгі мерзімге шеттетілген.