Аты аңызға айналған клубтың орнына келген жас команда. «Рига» футбол клубы 2014 жылы «Карамба» мен «Динамо Рига» клубтарының бірігуі нәтижесінде құрылды. Жаңа команда кейін кәсіби мәртебесінен айырылған әйгілі «Сконто» клубының орнын басты. Қазіргі таңда елордалық ұжым өз матчтарын дәл осы «Сконто» стадионында өткізеді.
Балтық жағалауы аймағындағы ең бай клуб. «Рига» — Балтық жағалауы елдері арасындағы қаржылық мүмкіндігі ең жоғары клуб. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, команданың бюджеті шамамен 3 миллион еуроны құрайды, ал ойыншылар құрамының жалпы құны 15,5 миллион еуроға бағаланады.
Қарқынды даму. Клуб құрылғаннан кейін небәрі екі жыл өткен соң Латвияның жоғары дивизионына жолдама алды. Ал 2018 жылы «Рига» ел чемпионы атанып, Латвия кубогын жеңіп алды.
Танымал бапкерлер. 2018 және 2019 жылдардағы титулдарды клуб Бременнің «Вердер» клубының бұрынғы ойыншысы, украиналық Виктор Скрипниктің жетекшілігімен жеңіп алды. Кейін команданы беларусь маманы Олег Кононов пен «Баварияның» аңызы Торстен Финк сияқты танымал бапкерлер жаттықтырды. Қазір латвиялық футболшыларға словак маманы Адриан Гуля жетекшілік етеді.
Қазіргі чемпион және Латвияның еурокубоктардағы үміті. «Рига» — Латвияның қазіргі чемпионы. Алайда биылғы маусымда чемпионаттың аяқталуына төрт тур қалғанда команда екінші орында келеді. Көш бастап тұрған «Аудадан» бір ұпайға қалып отыр.
Гуля шәкірттері — 2026/27 жылғы маусымда еурокубоктардың негізгі кезеңіне жолдама алған Латвияның жалғыз клубы. Айта кетейік, «Рига» мұндай жетістікке өз тарихында алғаш рет қол жеткізді. Іріктеу кезеңдерінде латвиялықтар Солтүстік Македонияның «Вардар», Венгрияның «Дьёр» және Фарер аралдарының «Клаксвик» командаларын жарыс жолынан шығарды.
Африкалықтар, латынамерикалықтар және тіпті Салах. «Рига» ойынында легионерлер маңызды рөл атқарады. Команда сапында Коста-Рика құрамасының екі ойыншысы бар. Олар — шабуылшы Энтони Контрерас пен қорғаушы Орландо Гало.
Шабуылдағы басты күштердің бірі — Гамбия құрамасының форварды Мұхаммед Бадамоси. Ол Латвия чемпионатының сұрмергендер тізімінде 20 голмен екінші орында тұр. Сондай-ақ шабуыл шебінде Салах Уладты ерекше атап өтуге болады.
23 жастағы марокколық текті нидерландтық футболшы — «Фейеноорд» пен лондондық «Арсеналдың» түлегі. Осы маусымда ол Латвия чемпионатының үздік ассистенті атанып отыр: еншісінде 10 нәтижелі пас пен 9 гол бар.
Сонымен қатар Босния құрамасының бұрынғы қақпашысы Кенан Пиричті, Колумбия құрамасында бір матч өткізген сол жақ қорғаушы Андрес Салазарды да атап өткен жөн. Ал алаң ортасында Франциядан шыққан, «Наполи» түлегі Коли Сако мен «Парма» академиясында тәрбиеленген ганалық Ахмед Анкра өнер көрсетеді.
Тарихтағы алғашқы кездесу. «Рига» өз тарихында алғаш рет Қазақстан клубына қарсы ойнайды. «Қайрат» та еурокубоктар аясында Латвия өкілдерімен бұған дейін кездескен емес.
«Рига» — «Қайрат» матчы 15 қазанда Рига қаласындағы «Сконто» стадионында өтеді. Алматы уақыты бойынша кездесу 21:45-те басталады. Тікелей трансляция QFootball.kz сайтында көрсетіледі.
